Елена Рыбакина Индиан-Уэллс мастерс турнирінің ширек финалына өтті

None
Фото: Қазақстан теннис федерациясы
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ-та өтіп жатқан Индиан-Уэллс WTA 1000 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші төртінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 66-сатыда тұрған ресейлік Варвара Грачевамен шеберлік байқасты.

Қарсыластар осыған дейін бір-ақ рет кездесіп, онда Елена жеңген болатын.

Бұл жолы бірінші партияда есеп 3:3 болған мезетте Е.Рыбакина тағы бір брейкпен алға шықты. Содан кейін тағы бір брейкпен бітірді – 6:3.

Қазақстандық спортшы екінші сетте қарқынын үдете түсті – 5:0. Ақыры төртінші матчболын пайдалана алды – 6:0.

Бір сағат 20 минутқа созылған матчта Е.Рыбакина 4 эйс жасап, 12 брейк-пойнттың жетеуін өз есебіне жазды. Қарсыласы 2 брейктен (11 брейк-пойнт) аса алған жоқ.



Елена Рыбакина жартылай финалға шығу үшін әлемнің 76-ракеткасы, чехиялық Каролина Муховамен таласады. К.Мухова алғашқы айналымды қазақстандық Юлия Путинцеваны 6:3, 4:6, 6:4 есебімен ұтқан еді.

Путинцеваның кеткен есесін Рыбакина қайтара ала ма, оны алдағы матч көрсетеді.

К.Мухова төртінші айналымда аса тартысты бәсекеде отандасы, рейтингте 105-сатыдағы Маркета Вондроушованы 6:4, 6:7 (2:7), 6:4 есебімен тізе бүктірді.

Өткен жылы Е.Рыбакина осы жарыстың ширек финалына дейін жетіп, онда грекиялық Мария Саккариге 5:7, 4:6 есебімен жол берген еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Индиан-Уэллс мастерс турнирінің төртінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар