Елена Рыбакина Индиан-Уэллс мастерс турнирінде әлемнің бірінші ракеткасымен кездеседі

None
Фото: ktf.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ-та өтіп жатқан Индиан-Уэллс WTA 1000 турнирінің жартылай финалында әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентекпен кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ширек финалда чехиялық Каролина Мухованы 7:6 (7:4), 2:6, 6:4 есебімен ұтқан қазақстандық теннисші өз спорттық жолында алғаш рет осы ірі жарыстың жартылай финалына шықты.

«Матч өте қиын болды. Ойын мен үшін сәтсіз басталды. Әдеттегіден жай қимылдадым. Каролина мықты ойнады, дегенмен маңызды тұстарда мен шеберлігімді таныта білдім. Алда Игамен жартылай финал. Ауыр матч болатыны сөзсіз, дегенмен мен өмірге нақты қараймын, егер үздік ойын көрсетсем, жеңуге мүмкіндік бар», - деді Елена Рыбакина.

Ига Швентекпен матч 18 наурыз күні Астана уақытымен сағат 7.00-де басталады. Жеке кездесулерде Қазақстанның бірінші ракеткасы 2:1 есебімен алда келеді. Екі ай бұрын Аустралия ашық чемпионатында Елена төртінші айналымда Иганы 6:4, 6:4 есебімен ұтқан еді.

Жүлде қоры 8,8 млн АҚШ долларына бағаланған Индиан-Уэллс жарысы 19 наурызда мәресіне жетеді. Айта кетсек, өткен жылы бұл жарыста Ига Швентек чемпион атанған болатын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Индиан-Уэллс мастерс турнирінің жартылай финалына шыққанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар