Елена Рыбакина Чехиядағы турнирдің ширек финалына шықты

2022 жылғы 6 қазан, 03:26
Елена Рыбакина Чехиядағы турнирдің ширек финалына шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 26-ракеткасы Елена Рыбакина Острава (Чехия) WTA 500 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 31-ракеткасы, Беларусь өкілі Александра Сасновичпен кездесті.

Осыдан бір жыл бұрын Е.Рыбакина А.Сасновичті екі рет ұтқан еді.

Бұл жолы бірінші партияда есеп 2:1 болған мезетте қазақстандық спортшы брейк жасағанымен, қарсыласы сол бойда есе қайырды.

Тай-брейкте Елена 3:0 есебімен алға шыққанымен, сол басымдылығын сақтай алмады – 6:7 (5:7).

Екінші сетте қазақстандық спортшы 3:1 есебімен алға кетті. Осы басымдылығынан айырыла қойған жоқ – 6:4.

Үшінші, шешуші партияда есеп 4:3 болғанда, Саснович брейк жасап кетті – 5:3. Дегенмен ол матчқа доп бергенде, Рыбакина қайыра брейк жасай алды.

Содан кейін жеңістік берген жоқ – 7:5.

Екі сағат 32 минутқа созылған тартысты матчта Рыбакина 7 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды.

Е.Рыбакина жартылай финалға шығу үшін әлемнің 20-ракеткасы, чехиялық Петра Квитовамен таласады.

Ол екінші айналымда әлемнің 4-інші, осы жарыстың 2-ракеткасы, испаниялық Паула Бадосаны тізе бүктірді – 7:6 (7:4), 6:4.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын әлемнің төртінші ракеткасы Қазақстанның теннис турнирлерін жоғары деңгейде ұйымдастыратынын айтқанын, Astana Open ATP 500 турнирінде қазақстандық жұптың ширек финалға шыға алмағанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Анна Данилина Чехиядағы турнирдің жартылай финалына шықты.

Теги:
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar