Елена Рыбакина Азия – Тынық мұхит аймағы бойынша үздік өкілдердің қатарына енді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Forbes USA Азия – Тынық мұхит аймағы бойынша 30 жасқа дейінгілер арасында ең болашағы бар өкілдердің тізімін жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, тізімге олимпиада жүлдегері атанғандар, экожоба жасаушылар, қала бейнесін өзгертушілер, жаңа технологияға қаржы салғандар, әскери іс-қимылдар кезінде адамдарға көмектескендер кіреді.

Тізімге енгендердің бірқатары мыналар:

Елена Рыбакина: Қазақстанның бірінші ракеткасы, 23 жаста.

Елена Рыбакина қазақстандықтар арасынан алғаш рет ірі теннис турнирінде жеңіске жетті, ол өткен жылы Уимблдонда чемпион атанды. Қазіргі кезде WTA рейтингісінде алтыншы орында тұрған ол 10 млн-дай доллар табыс тапты. Рыбакина Ресейде дүниеге келгенімен, спорттық мансабында Қазақстан атынан шықты. Ол табысының бір бөлігін жас теннисшілерге және иттерді құтқаруға жұмсады.

Эмма Маккеон: бес дүркін олимпиада чемпионы, 28 жаста.

Маккеон - аустралиялық суда жүзуші, еркін әдіспен 4×100 эстафеталық жарыста төрт мәрте рекордшы. Ол – Аустралияның ең даңқты спортшысы, бес дүркін олимпиада чемпионы. 2021 жылғы әлем чемпионатында Маккеон 14 медаль (оның 10-ы – алтын) жеңіп алды. Сөйтіп, Халықаралық жүзу федерациясының жыл споршысы атанды. Онымен Nike, Speedo және IWC Watches сияқты спорттық брендтердің ынтымақтаса жұмыс істеуі тегін емес.

Милли Олкок: «Аждаһаның үйінде» ойнаған, 22 жаста.

Милли Олкок бірнеше сериалға түскен, дегенмен оның даңқы 2021 жылы «Аждаһаның үйі» сериалында ханшайым Рейнира Таргариеннің рөлінде ойнағаннан кейін көпке тарады. Мұны өзі тағдыршешті тәжірибе деп санағанымен, болашақта фэнтезиде түспейтінін айтты.

Forbes USA тізімінде басқа да танымал адамдар бар.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Париж турнирінің финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Фото - Қазақстан теннис федерациясы

Соңғы жаңалықтар