Елена Рыбакина Аустралиядағы турнирде әлемнің сегізінші ракеткасымен ойнайды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 9-14 қаңтарда өтетін Аделаида-2 (Аустралия) WTA 500 турнирінің жеребесі тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 21-орында тұрған қазақстандық Елена Рыбакина алғашқы айналымда әлемнің 8-ракеткасы, ресейлік Дарья Касаткинамен шеберлік байқасады.

Өткен жылы Сан-Хосе (АҚШ) WTA 500 турнирінде Д.Касаткина Е.Рыбакинадан 1:6, 6:2, 6:0 есебімен басым түскен болатын.

Аделаидада өтетін екінші ірі жарыста франциялық Каролин Гарсия бірінші, тунистік Онс Жабер екінші ракетка болып тіркелген. Олардың екеуі де доданы екінші айналымнан бастайды. Әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Свентек турнирге қатысудан бас тартты.

Бірінші айналымда сондай-ақ Гарбинье Мугуруса (Испания) — Белинда Бенчич (Швейцария), Паула Бадоса (Испания) — Анетт Контавейт (Эстония), Людмила Самсонова (Ресей) – Петра Квитова (Чехия), Вероника Кудерметова (Ресей) – Виктория Азаренко (Беларусь) өзара сынға түседі.

Осы аптада Аделаидадағы дәл сондай жарыста Е.Рыбакина екінші айналымда рейтингте 69-сатыдағы украиналық Марта Костюкке жол берген еді.

Бұл додалар Аустралия ашық чемпионаты алдындағы дайындық есебінде болмақ.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың тенниске қашан қайта оралатынын айтқанын жазған болатынбыз.


Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Соңғы жаңалықтар