Елена Рыбакина әлемдегі үздік 25 теннисшінің қатарына қайта қосылды

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина әлемдегі үздік 25 теннисшінің қатарына қайта кірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткендей, Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) жариялаған рейтингіде Елена Рыбакина 27-ден 25-орынға көтерілді.

Торонто турнирінің ширек финалына дейін жеткен Юлия Путинцева 46-дан бірден 38-ге жоғарылады.

Зарина Дияс 244-тен 241-ге, Гөзал Айнитдинова 587-ден 584-орынға шықты.

Жұптық сында Анна Данилина 21-орнында қалса, Жібек Құламбаева 258-сатыда.

Ерлер арасында Кәсіби теннисшілер қауымдастығы (ATP) рейтингісінде Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик 41-ден 42-ге, Дмитрий Попко 189-дан 219-ға төмендеді. Есесіне Михаил Кукушкин 222-ден 213-ке жайғасып, қайтадан Қазақстанның екінші ракеткасы атанды.

Жұптық сында Андрей Голубев 44-тен 47-ге сырғыса, Александр Недовесов 57-ден 54-ке көтерілді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жас теннисшілердің халықаралық жарыстардың чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, Анна Данилина АҚШ-тағы турнирдің чемпионы атанды.


Фото: sports.kz



Соңғы жаңалықтар