Елена Рыбакина АҚШ ашық чемпионатын жеңіспен бастады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ ашық чемпионатын жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 39-орында тұрған украиналық Марта Костюкпен шеберлік байқасты.

Бірінші партияда Е.Рыбакина 2:0 есебімен алға шықты. Бұдан кейін М.Костюк есепті қысқартқанымен, қазақстандық спортшы сетті тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:2.

Екінші сетте Елена қарқынын тіпті үдетті – 6:1.

Сағат жарымға жуық уақытқа созылған бәсеке барысында Е.Рыбакина 2 эйспен бірге 12 брейк-пойнттың бесеуін мүлт жібермеді. Қарсыласы 4 эйс, 1 брейкпен (5 брейк-пойнт) көзге түсті.

Елена Рыбакина үшінші айналымға шығу үшін әлемнің 122-ракеткасы, мажарстандық Панна Удварди немесе рейтингте 127-сатыдағы аустралиялық Айла Томляновичтің біреуімен таласады.

Өткен жылы қазақстандық теннисші АҚШ біріншілігінде алғашқы айналымнан аса алмай қалған еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын АҚШ ашық чемпионатында Елена Рыбакина мен Александр Бубликтің бастапқы кездесулерін өткізетінін жазған едік.

Сондай-ақ қазақстандық 18 жастағы теннисші әлемдік рейтингте 36 саты жоғары көтерілді.

Александр Бублик АҚШ ашық чемпионатында 2020 жылғы жеңімпазға жол берді.


Соңғы жаңалықтар