Елена Ковзель: Тұмаудың COVID-19 вирусымен қабат жұғуы қауіпті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында республикалық диагностика орталығының клиникалық иммунология, аллергология және пульмонология бөлімінің меңгерушісі, м.ғ.д. Елена Ковзель коронавирус инфекциясының қауіптілігі туралы айтты. Сондай-ақ қазақстандықтарға аурудың алдын алу бойынша ақыл-кеңесін береді.

– Елена Федоровна, қазақстандық медицина әлемдік медицина сияқты COVID-19 вирусымен алғаш рет бетпе-бет келді. Осыған байланысты, осы аурудың ерекшеліктері туралы, оның біз білетін ЖРВИ-ден қандай айырмашылықтары бар екенін айтып берсеңіз.

– ЖРВИ тудыратын вирустардың көптеген түрлері бар. Бұлар, ең алдымен, тұмау вирустары, парагрипп, аденовирустар, коронавирустар, адам метапневмовирусы, респираторлық синцитиалды вирус, риновирустар және басқалар. Олардың ішіндегі ең ауыры – тұмау, тыныс алудың синцитиалды вирусы. Короновирустың басқа түрлері қазіргі COVID-19-ға қарағанда қауіпті аурулар туындатпаған еді.

COVID-19-дың метапневмовирус пен тыныс алудың синцитиалды вирусымен ұқсастығы – пневмонит тудыруында. Сондай-ақ тұмау мен COVID-19 кезінде температура, құрғақ жөтел, дененің ауыруы және әлсіздік аяқ астынан басталады. COVID-19 және тұмау симптомсыз жеңілден ауырға дейінгі респираторлық ауруларды тудыруы мүмкін және асқынып кетсе, өлімге апарып соғуы ықтимал.

ЖРВИ-дің барлық вирустары физикалық байланыс арқылы, ауа тамшыларымен, сондай-ақ ластанған заттар арқылы беріледі. ЖРВИ-дің барлық жағдайында қол гигиенасы мен тыныс алу этикеті сияқты бірдей гигиеналық шаралар тиімді болмақ.

ЖРВИ вирустарының арасындағы айырмашылық – жұқтырған сәттен бастап аурудың алғашқы белгілеріне дейінгі инкубациялық кезеңнің ұзақтығында жатыр. Тұмау кезіндегі инкубациялық кезеңнің орташа ұзақтығы – 3 күн, COVID-19-да – 6-14 күн. Бұл тұмау COVID-19-ға қарағанда тезірек таралуы мүмкін дегенді білдіреді.

Соңғы әлемдік мәліметтерге сәйкес, екі аурудың белгілері ұқсас болғанына қарамастан, олардың ауыр өтуінің үлесі әр түрлі болады. Қолда бар мәліметтерге сәйкес, COVID 19 жағдайларының 80%-ы жеңіл немесе симптомсыз өтсе, 15%-ы оксигенотерапия қажет болатын ауыр түрде өтеді, ал 5% жағдайда ауру өте ауыр сипатқа ие және өкпені жасанды желдетуді қажет етеді. Аурудың ауыр және өте ауыр өтуінің үлесі тұмауға қарағанда жоғары.

– COVID-19 екінші толқынының күтілуіне байланысты қазақстандықтардың осы инфекцияға қарсы иммунитетін қалай нығайтуға болады?

– Иммунитет – адам ағзасының барлық бөгде заттардан, соның ішінде инфекциялардан, өз ағзасының өзгерген жасушаларынан сенімді қалқаны. Иммундық жүйе кез келген вируспен бірдей схема бойынша жұмыс істейді және COVID-19-ға қарсы иммунитетті нығайту басқа қоздырғыштардан иммунитетті нығайтудан еш айырмашылығы жоқ. Иммундық жүйе үшін, бүкіл организм сияқты, гомеостазды сақтау маңызды, яғни барлық қажетті макро, микроэлементтер мен дәрумендердің барлық көрсеткіштері мен құрамында тұрақтылық болуы тиіс. Иммундық жүйе тиімді жұмыс істеуіне қажетті жасушалар мен ақуыздарды синтездеуге арналған материалдарды қажет етеді.

Иммундық жүйенің құрылымдық элементтерін сақтау үшін диетадағы әртүрлілік, жаңа піскен жемістер, көкөністер, жидектер, аскөк, балық және басқа да күнделікті тағамдар қажет. Дене белсенділігін арттырып, салауатты өмір салтын ұстану маңызды, күйзелістің болмағаны жөн.

Гигиеналық шаралар вирусты жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабаттарынан шығаруда өте маңызды. Бұл вирустардың көлемін азайтады және иммундық жүйенің жұмысын жеңілдетеді.

Гигиенаның стандартты ережелерін сақтаңыз: қоғамдық орындарда болған кезде қолыңызды жақсылап жуыңыз, оларды бетіңізге тигізбеңіз немесе ысқыламаңыз. Бөлмені жиі желдетіп, мұрныңызды тұзды ерітіндімен шайыңыз. Арнайы медициналық маскалар киюден ұялмаңыз, әсіресе қоғамдық көліктерде, дүкендерде, адамдар көп жиналатын жерлерде, лифтілерде.

Осы күзде тұмауға қарсы егілу қаншалықты қажет ?

– Вакцинация әлсіз топтағы адамдар мен медицина қызметкерлері үшін маңызды. Вакцина аурудың өзінен емес, асқынулардан қорғайды. Ресейлік ғалымдардың айтуынша, соңғы сегіз жыл ішінде вакцина алғандар арасында тұмаудан бірде-бір өлім тіркелген жоқ. Бұл – өте маңызды жетістік. Біз биылғы жылы тұмаудың COVID-19-бен қатар жүруі қауіпті екенін түсінеміз. Тұмауға қарсы вакцина тұмау мен COVID-19 асқынуларынан ауруханаға жатқызу және өлім жағдайларын азайтуға көмектеседі.

Мамандар COVID-19 қаупі жоғары бірнеше топты атайды. Сіздің бақылауларыңызға сәйкес коронавирус кімдер үшін қауіптірек? Ең осал топтарға жататын азаматтарға беретін кеңесіңіз?

– Ауыр түрдегі COVID-19-дың қауіп топтары туралы ресми мәліметтер бар. Оларға 60 жастан асқан адамдар, метаболизмі бұзылған – қант диабетімен ауыратын, көп ағзалы бұзылулар, бүйрек үсті безі аурулары және аутоиммунды аурулар, мысалы, жүйелі қызыл жегі, склероз, ревматоидты артрит, жүрек-тамыр жүйесінің, бүйректің, өкпенің орташа ауыр және ауыр зақымдануы – өкпенің созылмалы обструктивті ауруы, бронх демікпесі, туберкулез, онкологиялық аурулар, иммун тапшылығы бар пациенттер жатады.

Сондай-ақ иммунды компрометирленген тұлғалар – иммуносупрессивті терапиядан өтетін, яғни преднизолон бойынша тәулігіне 5 мг-ден астам глюкокортикостероидтарды, органдарды, тіндерді, сүйек кемігін, бағаналы жасушаларды ауыстырып қондырғаннан кейін иммуносупрессанттар қабылдайтын пациенттер саналады. Бұл жағдайлар вирусқа иммундық жауаптың төмендеуіне әкеледі және дененің қарсылығын төмендетеді.

Ерекше жағдайларды бөліп көрсету қиын, бірақ біз мамандығымыз бойынша туа біткен иммун тапшылығы, ауыр астма және созылмалы обструктивті өкпе ауруы бар науқастарды көбірек уайымдаймыз.

Қауіп тобындағы пациенттер үшін вируспен жанасудың алдын алатын және өз ауруын бақылауда ұстайтын іс-шаралар, яғни базалық дәрілік препараттар қабылдауы, өзінің созылмалы ауруының өршуіне әкелетін факторлардың алдын алуы және ерте дұрыс емделуі аса маңызды.


Соңғы жаңалықтар