Валюта бағамдары:
    usd/kzt 478.01 eur/kzt 488.81

    rub/kzt 7.91 cny/kzt 70.76
Ауа райы:
Нұр-Сұлтан: 1 °С
Алматы: 15 °С

Электронды үкіметіміз бар, ал Қызыл кітапты цифрландыра алмай отырмыз – депутат

2022 жылғы 15 маусым 13:01

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Қызыл кітаптың халыққа қолжетімді болмай отырғанын, салдарынан сирек кездесетін өсімдіктер мен ағаштардың жойылып жатқанын сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәжіліс отырысында депутат Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевке сауал қойды.

«Бүгінде өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлерін заңсыз жинау және жою фактілерін жиі көріп жүрміз. Мысалы 2020 жылы «Сулпак» дүкенінің алдында Қызыл кітапқа енген бірнеше емен ағашының кесілуі, Түркістан облысындағы Грейг қызғалдақ түрін заңсыз жұлу фактілері байқалды. Бұл фактілердің ең бірінші себебі – тұрғындардың қандай өсімдіктердің Қызыл кітапқа кіргенін ажырата алмауында жатыр. Мұнда тұрғындардың кінәсі неде? Өзіңіз білесіз, елімізде түсіндірме жұмысы жоғары деңгейде емес. Экологиялық өсімдіктерді қорғау мәдениетін қалыптастыруды балалардан бастауымыз қажет. Ал біз әлі күнге дейін Қызыл кітапты цифрландыра алмай отырмыз. Біздің Үкіметіміз цифрланды, бірақ Қызыл кітап әлі күнге дейін цифрланбаған және қолжетімсіз. Осы мәселені министрлік жақын арада қалай шешуді жоспарлап отыр? Жалпы түсіндірме жұмыстарын жақсы деңгейге қашан жеткіземіз?», - деді Е. Бейсенбаев.

Өз жауабында Экология министрі мұндай жағдайлардың расымен де болғанын, осыған орай, министрлік халық арасында экологиялық ағарту, сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген өсімдіктерді қорғауды насихаттау бойынша кең ауқымды жұмыс жүргізіп жатқанын айтты.

«2019-2021 жылдары осындай 23 оқиға орын алып, жалпы шығын көлемі 13 млн теңгені құрады. 2019 жылы – 13, 2020 жылы – 7, ал былтыр – 3 қылмыстық іс қозғалды. Мұнда төмендеу динамикасы байқалады. Әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылықтар туралы кодекстерге экологиялық заң бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейтуді көздейтін түзетулер енгізетін заң жобалары әзірленді. Соның бірі бүгін Парламентте қаралып отыр», - деді Серікқали Брекешев.

Айта кетейік, Мәжіліс депутаттары «Өсімдіктер дүниесі туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Бұған дейін Серікқали Брекешев Қазақстанда дәрілік шөптер ретсіз жиналып, шетел асып жатқанын айтқан еді.


Автор:

Айжан Серікжанқызы

Новости по теме
Серіктестер жаңалықтары