Электронды ҰБТ: Биылғы тестілеудің басты ерекшеліктері қандай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ҰБТ өтіп жатқан пунктердің біріне барып, талапкерлермен сөйлесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ұлттық бірыңғай тестілеу өтіп жатқан пунктердің біріне барып, талапкерлермен әңгімелестім. Биыл ҰБТ алғаш рет компьютерлік форматта өтіп жатыр. Балалардың айтуынша, бұл формат өте ыңғайлы. Әрі тестілеу нәтижелерін қатысушылар бірден біле алады. Биыл 130 мыңнан астам түлек ҰБТ тапсыруды жоспарлап отыр. Олар тестілеуді бұрынғыдай тек бір-ақ рет емес, екі рет тапсыра алады. Сәйкесінше нәтижесі көңілінен шыққан сертификатпен грант тағайындау конкурсына қатысады», - деп жазды министр Facebook парақшасында.

Сонымен бірге, министр тестілеу форматының түбегейлі өзгергенін еске салды. Бұрын түлектерге қағаз кітапшалар мен жауаптарды бояп толтыру парақтары таратылса, енді тестілеу электрондық форматта жүргізіледі.

Әр қатысушыға компьютер беріліп, оның әрекеттерін бейнекамералар бақылайды. Прокторинг жүйесі іске қосылған. Сонымен қатар, арнайы орталықта кезекшілер балаларды камера арқылы бақылап отырады.

Тапсырмалардың нұсқалары тестілеуді тапсырар алдында автоматты түрде құрылады, ҰБТ-ны тапсыру орны мен уақытын әр қатысушы өзі анықтайды.

Енді жүз мыңдаған түлектің тестілеуден өтуіне бұрынғыдай бір апта ғана берілмейді. Тестілеудің өткізілу мерзімі екі айға дейін ұзартылды. ҰБТ-ны қашан тапсыру керектігін әркім өзі таңдайды.

«Біз IELTS, Қазтест немесе басқа да кез келген емтихандарды тапсыру сияқты ҰБТ-ның қалыпты іс-шара ретінде өткенін қалаймыз. Менің ойымша наурыз айында ҰБТ осылай өтті. Енді мұғалімдер де, мектеп әкімшілігі де балалардың ҰБТ тапсыруы үшін көптеген құжат жинап, әуре болмайды. Талапкерлер ҰБТ тапсыратын орынды, қолайлы күн мен уақытты өз бетінше таңдайды. Сонымен бірге, біз балаларға тестілеуді екі рет тапсыруға мүмкіндік бердік. Олар мемлекеттік гранттарды тағайындау конкурсы кезінде ҰБТ-дағы екі сертификаттың қайсысын пайдаланатынын өздері шешеді. Мұның бәрі балалардың бойындағы эмоционалды стресс деңгейін төмендетеді», - дейді А. Аймағамбетов.

Өткен жылы тест тапсырушыларғы алғаш рет калькуляторларды пайдалануға рұқсат берілді. Енді калькуляторлар да, Менделеев кестесі де компьютерде қолжетімді болады.

«Бюджет қаражаты мен педагогтердің уақытын да үнемдейміз. Жыл сайын 2 мыңнан астам педагог ҰБТ кезінде басқа өңірлерге іссапарға жіберілетін еді. Бұл ретте қонақүй және тәулік шығындарын, сонымен бірге орын алуы мүмкін адами факторларды ескеру қажет болды. Сұрақтардың мазмұны да функционалдық сауатты тексеру жағына қарай өзгерді. Бұл туралы бұған дейін де жазып едім. Атаулы күндер мен басқа да фактілер бойынша құрастырылатын сұрақтардың саны айтарлықтай азая түсті. Жүйенің өзі ақпараттық қауіпсіздік сынағынан сәтті өтті, тиісті аттестаты бар. Жалпы, біз балаларымыз үшін барынша қолайлы жағдай жасаудамыз. Барлығы тең дәрежеде, академиялық адалдық қағидаларын ұстана отырып, әділ түрде грант тағайындау конкурсына қатысады», - деп жазды Білім министрі.

Айта кетейік, бүгін елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды . ҰБТ нәтижесімен мемлекеттік білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысуға болады.

Тестілеу толығымен электронды форматта жүргізіліп жатыр.


Соңғы жаңалықтар