Электронды сот жүйесінде минут сайын 100-ден аса жаңа құжат қалыптастырылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Электронды сот жүйесінде әр минут сайын 100-ден аса жаңа құжат қалыптастырылады. Бұл туралы ҚР Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Онлайнда өмір сүру бәріміз үшін қалыпты жағдайға айналды. Барлығы да ақпаратты бір «шертіп» алуға үйренді. Сапалы әрі жылдам – бұл күтетін жайт емес, уақыт талабына айналды. Сондықтан шетелдік әріптестеріміздің тәжірибесін зерделей келе цифрландыру біздің жұмысымызға баламасыз енді деп қорытынды шығаруға болады», - деді ол «Жасанды интеллект және сот пен құқық қорғау жүйесіндегі үлкен деректер: шындық және уақыт талабы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында.

Оның атап өтуінше, интернеттің қолжетімділігі мен мемлекеттік деректер базасын жаппай цифрландыру сот өндірісін электронды жолға қоюға мүмкіндік берді.

«Сот өндірісінің барлық түрі бойынша бүкіл кейс электронды түрде қалыптастырылады. Ең күрделісі электронды қылмыстық істі енгізу болды. 2018 жылы аса ауыр емес бір оқиғалы істерді бастадық. Алғашқы үш жылдың ішінде Е-қылмыстық істердің үлесі 15-тен 30 пайызға дейін артты. Өткен жылдың екінші жартысынан бастап тергеу органдары қылмыстық істі жүргізуде толықтай дерлік электронды форматқа көшті. Жыл қорытындысындағы олардың жалпы үлесі 73 пайызға жетті. 2023-2024 жылдары қылмыстық істер 100 пайыз электрондық түрде түседі деп күтеміз. Цифрмен айтсақ, жүйемізде әр миниут сайын 100-ден астам жаңа құжат қалыптастырылады», - деді Наиль Ахметзакиров.


Соңғы жаңалықтар