Электронды шот-фактура енгізу қазақстандық бизнестің жыл сайынғы 5 млрд. теңгесін үнемдеуге септігін тигізеді

None
None
АСТАНА. 4 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Электронды шот-фактура енгізу қазақстандық бизнестің жыл сайынғы 5 млрд. теңгесін үнемдеуге септігін тигізеді.

Бұл туралы бүгін Қаржы министрлігінде электрондық шот-фактура енгізу мәселесіне арналған дөңгелек үстел барысында Салық комитеті төрағасының орынбасары Арғын Қыпшақов мәлім етті.

«Шот-фактураларды қағазбен тапсыру қосымша шығыстарға тәуелді етіп отыратыны рас. Мәселен, бұған операторлардың еңбек шығындарын да, жұмсалатын қағаздарды да, пошта маркаларын да, жеткізілім шығындарын да жатқызуға болады. Бұл жұмыстардың барысында шот-фактураны берудің бекітілген рәсімі бар, ол бойынша сатушы оның екі данасын толтырып, бірін сатып алушыға жеткізіп беруі тиіс. Ал Қазақстанда қарапайым жұртшылыққа беріліп жататынды қоспағанда, жыл сайын шамамен 56 млн. шот-фактуралар жазылады екен. Бұл дегеніңіз шамамен жылына 120 мың бума қағаз шығындалатынын білдіреді», - дейді А. Қыпшақов.

Оның сөзіне қарағанда, шот-фактураларды сатып алушының немесе сатушының мұрағаттарында сақтау қажеттігі жағынан да туындайтын проблемалар баршылық. Сондықтан да, салықтық тексерістер барысында мұрағаттарда шот-фактураларды іздестіруге біршама уақыт пен еңбек шығындалады.

Сонымен қатар, А. Қыпшақов шот-фактураға кететін ең төменгі шығын шамамен 100 теңге болатынын атап өтіп, осы ретте электрондық тәсілдің 10 есеге арзанға түсетінін алға тартты. «Осының өзі электрондық шот-фактуралар енгізудің бизнес үшін аса қолайлы болатындығын білдірсе керек», - дейді А. Қыпшақов.

Соңғы жаңалықтар