Электронды сауда өңірлерде газ тапшылығын туындатпай ма

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісіне бүгін ұсынылған заң жобасы негізінде сұйылтылған газды тек электронды сауда алаңдары арқылы өткізу көзделген. Ал электронды сауда дамымаған өңірлерде газ тапшылығы туындамай ма? Заң жобасын талқылау кезінде мәжілісмен Арман Қожахметов осындай мәселе көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сіз ұсынып отырған заң жобасы сұйытылған мұнай-газ бен жабдықтаудың жаңа механизмін енгізеді. Енді электрондық сауда алаңдары арқылы ішкі нарықты газбен қамту жоспарланып отыр. Айтыңызшы, бұл механизм жекелеген өңірлерде электронды сауда алаңдары болмауына байланысты сұйытылған газ тапшылығына алып келмей ме?», - деп сұрақ қойды мәжілісмен Арман Қожахметов заң жобасы жайлы баяндама жасаған депутат Бақтықожа Ізмұхамбетовке.

Өз кезегінде Бақтықожа Ізмұхамбетов ең біріншіден, газ өндіруші мекемелер мен зауыттардың ішкі нарыққа газ беру міндеті сақталатынын еске салды.

«Екіншіден, ұсынып отырған заң жобасында газды таратудың әдісі ғана өзгергелі отыр. Баяндамада айтылғанындай, электронды сауда алаңдары біртіндеп, әуелі келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап 10-20 пайызға, содан кейін екі жылдың ішінде - 2019-2021 жылдары электронды сауда алаңдары барлық аймақтарға енгізілетін болады. Сондықтан, екі жылдың ішінде барлық аймақтар электрондық сауда алаңдарымен толықтай қамтылады. Сондықтан, қаралып отырған заң жобасы газдың тапшылығына әкеліп соқтырмайды», - деді Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Айта кетсек, Парламент Мәжілісінің отырысында палата депутаттары «Газ және газбен жабдықтау туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған болатын.

Фото: economics.unian.net

Соңғы жаңалықтар