Электронды медициналық төлқұжат не үшін қажет

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда электронды медциналық төлқұжат жобасы іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, ағымдағы апта басында елімізде электронды медциналық төлқұжат жобасы іске қосылған.

«Осы аптада азаматтар денсаулығының электронды төлқұжатын іске қостық. Әзірге бұл ілкі жоба. Сіз mGov порталы арқылы өзіңіз туралы барлық медициналық ақпаратты таба аласыз. Қандай медициналық мекемеде қаралғаныңыз, дәрігерлердің сізге қандай дәріні тегін жазғаны туралы жазбалардың бәрі сонда болады. Келесі жылы бұл төлқұжат онлайн режімде жұмыс істейді. Осының арқасында халықты емдеуге кететін шығынның ашық болуын қамтамасыз етеміз. Тағы бір пайдасы, сіз Қазақстанның кез келген нүктесінде дәрігерге қаралсаңыз да, сіздің ауру тарихыңызды дәрігер электронды базадан таба алады. Осы сияқты көптеген қағазбастылық жойылады», - деді ведомство басшысы.

Келесі жылы аталмыш төлқұжаттың мобильдік нұсқасы да шығуы мүмкін.

«Біз көп жылдан бері дәрі-дәрмекті есепке алу, ауруханада қағазсыз іс жүргізу үшін түрлі ақпараттық жүйелерді дамытып келеміз. Бұл деректердің барлығы жеке ақпараттық жүйелерде, жеке серверлерде жинақталды. Біздің міндетіміз - әрбір азамат осы жазбаларды өзі көріп, бақылап, оларға қол жеткізе алатындай етіп жасау. Цифрландыру ең әуелі медицинаның транспаренттілігін, мемлекет шығынының ашықтығын қамтамасыз ету үшін қажет. Өйткені электрондық паспорт ауруханалар мен емханаларда жүргізілетін құжаттардан құралады. Биыл менің бұйрығым бойынша медицина саласы түгелдей ресми түрде қағазсыз форматқа көшеді. Іс жүзінде тегін медициналық қызмет көрсететін барлық ауруханалар, емханалар бүгін электрондық нысанда жазба жүргізуге міндетті. Осы жұмыстың арқасында біз ауруханалардың жұмысын оңтайландырып қана қоймай, қағазбастылықтан құтылып, шығындарды қысқартуға қол жеткіземіз», - деді Елжан Біртанов.

Соңғы жаңалықтар