«Электронды қазақ үйіне» таңдамалы айтыс жырлары енеді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақ рухани-мәдени мұрасы жинақталған «Электронды қазақ үйіне» 2015 жылы таңдамалы айтыс жырлары енбек. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен «Ұлттық құндылықтар - әлем назарында» атты конференция барысында жобаның жауапты редакторы Жарқын Сәленұлы мәлімдеді.

Аталған музыкалық-интерактивті құрал 2014 жылдың сәуір айында тұтынушыға жол тартқан болатын.

Бесік жырлары, ертегілер, балалар әндері, халық композиторларының ән-күйлері, терме-толғаулар, отаншылдық рухтағы әндер, Абайдың қара сөздерін қамтыған 1200 рухани туындыны өн бойына сыйғызған бағалы мұра 2015 жылы біршама жетілдіріліп, жаңа мазмұнмен толықпақ.

«Бұл жоба осы жетістігімен тоқтап қалмайды. Биыл алғашқы өнімі шықты. Әрине, кемшіліктер болса түзеліп, ұсыныстар болса ескере жатамыз. Құдай қаласа келесі жылы таңдаулы айтыс жырларымен толықтырамыз. Жобаға енбей қалған талай жауһарларымыз бар. Келер жылы Құрманғазы атындағы консерваторияның оқытушыларымен келісе отырып құралдың мазмұнын одан әрі жетілдіре түсеміз», - деді Жарқын Сәленұлы.

Жоба авторлары «Электронды қазақ үйді» әлемдік деңгейге шығару үшін шетелдік қазақтарға таныстырып қайтқан.

«Моңғолия, Ресей, Түркияда таныстырылымын жасадым. Түркиялық азаматтар тарапынан алдағы уақытта бұған бүкіл түркі жұртының музыкалық мұрасын енгізсек деген ұсыныс айтты. Шетелдегі қандастарымыз бүкіл Қазақстан көшіп келгендей болды деп қуанып жатыр. Сондай-ақ, бұл құрал ЖОО мен орта оқу орындарында музыкалық-педагогикалық көмекші құрал ретінде пайдаланыла бастады. Үшіншіден, бұл біздің ұрпаққа қажет дүние. Бауыржан атамыз айтқандай, бұл ертегі айтпайтын әжелердің, бесік жырын айтпайтын келіндердің орнын басатын дүние», - деді Ж.Сәленұлы.

Айта кетейік, «Ұлас-Электронды» ЖШС өнімі - жоба жетекшілерінің 3 жылдық қажырлы еңбегінің жемісі.

Шағын ғана киіз үйдің материалдары бүлдіршіндерге қауіпсіз етіп жасалынған. Киіз үйдің тетіктерін бассаңыз, қазақтың күйі күмбірлеп, әні шырқала бастайды. Тіпті балаларға арналған ертегілер, аңыз-әңгімелер, Абайдың қара сөздеріне дейін бар. Қазақ халқының ауыз әдебиеті інжу-маржан мұрасының құнды жауһарларын да осы электронды қазақ үйден табасыз. Өнімнің құны - 10 мың теңге.

Аталған жоба үшін авторлар ҚР Білім және Ғылым министрлігінің алғыс хатына лайық деп танылды.

Енді электронды қазақ үйін мектеп пен балабақша бағдарламасына қазақ тілі мен тарихын оқыту құралы ретінде енгізу көзделіп отыр. 2015 жылы аталған мәселе ҚР БҒМ сараптау кеңесінде талқыланатын болды.

Соңғы жаңалықтар