Электронды еңбек шарты 16 млн қағаз құжаттан бас тартуға мүмкіндік береді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Электронды еңбек шарты 16 млн қағаз құжаттан бас тартуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің базасында электрондық еңбек шарттарын есепке алу бойынша бірыңғай сақтау орны құрылды. Жұмыс беруші әлеуетті жұмыскермен шарт жасасады және сол шарт туралы ақпаратты веб-сервис арқылы бірыңғай сақтау орнына жібереді. Электронды еңбек шартында қағаздағыдай барлық мәліметтер, атап айтқанда тараптарды реквизиттері, еңбек шарттар, демалыс режімі, жалақы мөлшері, жұмысшы мен жұмыс берушінің құқықтары мен міндеттері көрсетіледі. Оған электронды цифрлық қолтаңба арқылы қол қойылады», - деді вице-министр.

Бұған қоса, оның сөзіне қарағанда, электронды еңбек шартына енгізілетін өзгерістер, сондай-ақ олардың қолданысы тоқтатылған кездегі мәліметтер міндетті түрде тіркеледі.

«Еңбек шартын электронды форматқа ауыстыру кадрлық есепке алуды автоматтандыруға, қағаз еңбек кітапшасы мен өзге де қағаз құжаттарды алып тастауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде бас тартуға болатын қағаз құжаттардың саны 16 миллион болады», - деді ол.

Нариман Мұқышевтің айтуынша, министрлік электрондық еңбек шарттарының құқықтық мәртебесін және жұмыс берушінің еңбек қатынастары туралы мәліметтерді ұсынудағы міндеттемелерін реттеу мақсатында заңнамаға түзетулер әзірлеген.

Соңғы жаңалықтар