Электронды еңбек биржасында белсенділік 3 есе өсті - Еңбек министрлігі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2023 жылғы қаңтарда Электронды еңбек биржасында (бұдан әрі – ЭЕБ) 87,3 мың бос жұмыс орны және 134,5 мың түйіндеме орналастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2022 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда кадрларға қажеттілік 18%-ға азайды (-18,7 мың бос жұмыс орны), ал ізденушілер тарапынан белсенділік үш есе өсті (+97,9 мың түйіндеме). Бос орындар білім беру және тәрбие (12,5 мың), өндіріс (8,4 мың), сондай-ақ медицина және фармацевтика (7,1 мың) сияқты белсенді ізденушілері көп салалар бойынша орналастырылды.

«Жарияланған түйіндемелер мен бос жұмыс орындарының санындағы мұндай елеулі ауытқулар маусымдық үрдісті көрсетеді. Яғни, жыл басында әдетте жұмыс іздеушілер көбейіп, жаңа кадрларды іздеу белсенділігі төмендейді. Айта кету керек, мұндай құлдырау Түркістан және Алматы облыстарында ең көп тіркелді», – дейді «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ Стратегия департаментінің директоры Ұлпан Шегенова.

Бос орындар санының айтарлықтай төмендеуіне қарамастан, Түркістан облысы өңірлер арасында олардың абсолютті саны бойынша көшбасшылық позициясын сақтап қалды. Бұл ретте бір айда бос орындардың өсуі Батыс Қазақстан (+1,5 мың) және Қостанай облыстарында (+1,4 мың), сондай-ақ Шымкент қаласында (+1,1 мың) байқалды.


Соңғы жаңалықтар