Электронды еңбек биржасы: 130 мың адам жұмыс тапты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Цифрландыру әлеуметтік-еңбек саласын жаңғыртудың басты факторларының бірі болып саналады. Бұл туралы Astana Hub аумағында цифрлық трансформацияны талқылау барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Цифрлық технологиялар әлеуметтік көмек көрсетудің маңызды құралы. Әрбір тағайындалған жәрдемақы, жұмыспен қамтылған адам және әрбір мемлекеттік қызмет министрліктің ақпараттық жүйелерінің үйлесімді жұмысы арқылы іске асырылады. Өйткені цифрландырудың негізгі мақсаты - әкімшілік рәсімдерді жеңілдету, азаматтар алатын мемлекеттік қызметтердің барынша ашықтығын және қолжетімділігін қамтамасыз ету», - деді ведомство басшысы.

Сонымен қатар, ол Еңбек министрлігінің қызметтері цифрландыру әсерімен белсенді өзгеретінін атап өтті. Маңызды бағыттардың бірі - ол Big Data, оның негізінде қазірдің өзінде тиімді шешім қабылдау үшін талдау шаралары қалыптастырылуда.

Бұдан бөлек, ағымдағы жылдың екінші жартысынан бастап мүгедектікті сырттай белгілеу бойынша қызметті одан әрі кеңейту жоспарланып отыр. Осы мерзімде «Әлеуметтік қызметтер» порталын іске қосу ескерілген. Ол жеке қажеттіліктерді ескере отырып, техникалық оңалту құралдарын дербес таңдауды қамтамасыз етуге, оларды ұсыну мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, 2018 жылдың 1 қаңтарынан республикада алғашқы цифрлық платформа және елдегі ең ірі бос жұмыс орындары мен түйіндемелер банкі - Электронды еңбек биржасы жұмыс істей бастады. Жұмыс басталғаннан бері Биржада 985 мың бос жұмыс орны мен732 мың түйіндеме орналастырылды. Еңбек биржасы арқылы 2019 жылдың басынан бері 135 мыңнан астам азамат жұмысқа орналасты. Ағымдағы жылы осы жүйені одан әрі дамыту жоспарланып отыр: құрылған жұмыс орындарының картасын енгізу, онлайн-оқыту, виртуалды консультантты енгізу және басқалары.

«Электронды шарттарды енгізу, «E-халық» электронды базасын дамыту бойынша жұмыс жалғастырылатын болады, оған қазіргі уақытта ауылдық округтердің 100 пайызы қосылған. «Қолжетімді орта» порталында мүгедектер үшін нысандардың қолжетімділігі бойынша деректерді өзектендіру бойынша жұмыс жалғасады. Жалпы, 2018 жылы электрондық және проактивті мемлекеттік қызметтердің арқасында шамамен 939 млн теңге үнемделген», - делінген Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметінде.

Соңғы жаңалықтар