Электронды аграрлық қолхаттар фермерлерге қандай мүмкіндік береді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мәжіліс депутаттары электронды аграрлық қолхаттар туралы заң жобасын әзірледі.

Бұл туралы Парламент Мәжілісінде агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қаржыландыру мәселесіне арналған дөңгелек үстел отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту үшін несиелік ресурстарды тарту маңызды екенін түсінікті. Кепілдіктер жетіспейді, сондықтан қазіргі кезде жаңа қаржылық тетікті енгізу пысықталып жатыр. Шын мәнінде ол вексель, яғни болашақ астыққа қатысты айналысқа шығарылады. Аграрлық қолхатты жабу шаралары ауыл шаруашылығы өнімін жеткізумен немесе қарызды төлеумен өтеледі. Халықаралық тәжірибеде аталған тетік ауыл шарушылығы жоғары деңгейде дамыған елдерде белсенді қолданылып келеді. Бұл ретте Бразилияны, сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімі экспорты бойынша көшбасшы Украинаны атап өтуге болады», - деді Р. Құрманов.

Оның сөзіне қарағанда, электронды аграрлық қолхатты енгізу туралы заң жобасы Мәжіліс депутаттарының бастамасымен әзірленді. Қазіргі кезде құжат Үкімет қорытындысын алу кезеңінде тұр. Заң жобасы ағымдағы жылы қабылдануы мүмкін.

Бұдан бұрын хабарланғандай, электронды аграрлық қолхаттарды енгізу 2021 жылға қарай Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласына 100 млрд теңге шамасында қаржылай және тауарлық соманы тартуға жағдай жасайды.

Аталған қаржылық тетік саланы бюджеттен тыс қаржыландыру көлемін арттырып, кәсіпкерлерді қосымша қарыз алу көздерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, аграрлық қолхаттар ауыл шаруашылығында кепілдік массасының жетіспеушілігі проблемасын шешуге бағытталған. Электронды аграрлық қолхаттарды енгізу электронды астық қолхатын іске қосу бағытындағы оңтайлы тәжірибе негізінде атқарылады.

Соңғы жаңалықтар