Электрмен жабдықтау нысандарын салуға және жаңғыртуға 30,6 млрд теңге қажет

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Электрмен жабдықтау нысандарын салуға және жаңғыртуға 30,6 млрд теңге қаржы қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Электрмен жабдықтау нысандарын салуға және реконструкциялауға 30,6 млрд теңге қаржы бөлу ұсынылады. Атап айтсам, Арқалық қаласындағы жылу электр орталығын реконструкциялауға 8,2 млрд теңге қажет. Бұл жоба қала үшін өте маңызды. Себебі қазіргі таңда жылу электр орталығының тозығы жеткен. Аталған орталық мазутты қолданған соң, оның өзіндік құны жоғары. Сондықтан жыл сайын 2 млрд теңге көлемінде субсидия бөлінеді. Егер, жылу электр орталығын көмірге ауыстырсақ, онда орталық субсидия бөлуді қажет етпейді. Қазына үнемделеді. Сондай-ақ, Арқалық қаласының 12 мың абонентінің электр және жылу сапасы артады»,- деді Қ.Бозымбаев.

Министр Астана, Шымкент қалалары мен Маңғыстау облысындағы электр беру желілерін салу жобаларына 19,9 млрд теңге қажет екенін айтты. Атап айтқанда, Шымкент қаласында 110 кВ-тық екі шағын станса салуға 11,7 млрд теңге керек. Бұл жобалар қаланың оңтүстік-батыс бөлігіндегі жаңа мөлтек аудандардың тұрғындарын сапалы электрмен жабдықтауға мүмкіндік береді.

«Ал Маңғыстау облысында бір шағын стансаны және одан тартылатын электр желісін салуға 8,2 млрд теңге бөлу қажет. Бұл жаңа шағынаудандар мен қаланың жаңа орталығы және іргелес жатқан елді-мекендердің жалпы саны 100 мың тұрғынын электр энергиямен қамтиды. Астана бойынша 2 жоба бар. Ильинка ауылында және Слободка ауданы Бөгенбай батыр-Кенесары-Күмісбеков көшесі-Сарыарқа даңғылының шекаралары бойынша инженерлік желілер салуға жалпы сомасы 2,4 млрд теңге бөлу қажет. Осылайша 20 мың абонент сапалы электр энергияны тұтынатын болады»,- деді Қ.Бозымбаев.

Соңғы жаңалықтар