Электр стансаларындағы ақаулар саны 11 пайызға артты – Нұрлан Ноғаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев Үкімет отырысында жылыту маусымы кезіндегі ақаулардың себебіне тоқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, өткен жылыту маусымы бойынша қысқы ең жоғарғы электр энергиясын өндіру жүктемесі 28 желтоқсанда тіркеліп, 15 822 МВт құраған. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 4%-ға артық.

«2020 жылы Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінде 4458 технологиялық бұзушылық болды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда технологиялық бұзушылықтар саны 11% -ға артты.

Өткен жылыту маусымында электр станцияларында электр энергиясын өндіруді нөл МВт-қа дейін төмендеткен 36 тоқтату болды, бұл өткен жылғы жылыту маусымымен салыстырғанда 14%-ға аз», - деді Нұрлан Ноғаев.

Ведомство басшысы электр желілерінде тіркелген ірі технологиялық ақаулардың себебін де атап өтті.

«2020 жылғы 20 және 21 қарашада және биылғы 5 қаңтарда Өзбекстанның энергия жүйесі тарапынан энергияны артық алу және апаттық теңгерімсіздік салдарынан Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесі Солтүстік-Оңтүстік транзиті бойынша бөлініп, асинхрондық режимді жоюдың аварияға қарсы автоматикасының әрекетімен Солтүстік және Оңтүстік аймақты жалғайтын 500 кВ үш әуе электр беру желісі ажыратылды. Соның салдарынан Алматы, Шымкент қалаларына және Алматы, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облыстарына электр энергиясын беруге шектеулер енгізілді», - деді Энергетика министрі.

Министр 10-18 қаңтар аралығында Атырау және Маңғыстау облыстарының тұтынушылары электр энергиясынан ажыратылғанын да еске салды.

«Атом және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің технологиялық бұзушылықты тергеп-тексеру нәтижелері бойынша апаттың себебі бірқатар факторларға байланысты екені, атап айтқанда: қолайсыз ауа райы жағдайлары және жүйелік оператор тарапынан тиісінше пайдаланбау және уақтылы шаралар қабылдамау нәтижесінде болғаны анықталды.

Комиссия жұмысының нәтижелері бойынша осындай технологиялық бұзушылықтарға жол бермеу жөніндегі негізгі ұйымдастырушылық және техникалық іс-шаралар, сондай-ақ Атырау және Маңғыстау энергия тораптарының электрмен жабдықтау сенімділігін күшейту бойынша Ұсынымдар әзірленіп нақты тапсырмалар берілді», - деді Нұрлан Ноғаев.


Соңғы жаңалықтар