Электр самокаттың жылдамдығы саябақ аумағында автоматты түрде бәсеңдеуі керек - ІІМ

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Электр самокаттардың жылдамдығын бақылайтын жаңа цифрлық технологиялар енгізу керек. Бұл туралы елордада жолдағы қауіпсіздік саласында жаңа технологияларды пайдалану тақырыбындағы форумда ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мәжілісте қабылданған құжат аясында электр самокаттар тротуарда және жаяу жүргіншілер жолағында жүре алады. Дегенмен, олардың жылдамдығы сағатына 6 километрден аспауы тиіс. Осы орайда бұл самокаттардың жылдамдығын жаңа технологиялар арқылы бақылау мүмкіндігін қарастыру керек», - деді И.Лепеха цифрландыру саласының мамандарына қарата айтқан сөзінде.

Осы орайда ол аталған заң күшіне енгеннен кейін, самокаттарды жалға беретін компаниялар жолда және тротуарда жүретін бұл көліктің тиісті жылдамдығын қамтамасыз етуі керек екенін айтты.

«Бұл компаниялар жылдамдықты қадағалау техникалық тұрғыда реттелетінін сендіріп отыр. Егер самокат саябақ аумағына жақындаған кезде, оның жылдамдығы автоматты түрде бәсеңдейді. Алайда біз осы салада басқа да құрылғылар жекелей бақылағаны дұрыс деп санаймыз. Сондықтан сала мамандарынан цифрлық бағытта қосымша ұсыныстар күтіп отырмыз», - деді министрдің орынбасары.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл 10 мамырда Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңын қабылданды.

Жобаға сәйкес электр самокаттар көлік құралы ретінде танылады, сондай-ақ жүру жылдамдығы сағатына 25 километрге дейінгі көлік құралдары электр самокат санатына жатады. Электр самокаттар велосипед жолдары мен жол жиектерінде шектеусіз жүре алады. Тротуарларда сағатына 6 километрден аспайтын жылдамдықпен жүруге рұқсат етіледі.

Электр самокатпен жолдың оң жақ шеткі бөлігінде 18 жасқа толған адамдар жүре алады.

Жолда шлем кимеген электр самокат жүргізушілеріне айыппұл салынады.


Соңғы жаңалықтар