Электр энергиясының тапшылығы тәулігіне 1200 МВт-ты құрайды - Үкімет

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде соңғы екі жылда электр энергиясының тапшылығы бар, әсіресе тапшылық жоғары жүктеме кезінде байқалады. Бұл туралы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Энергетика министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Электр энергиясы тапшылығын Ресейден өте жоғары баға есебінен жабуға мәжбүрміз. Тапшылық тәулігіне 1200 МВт-қа дейін жетеді. Сарапшылар мұны тұтынудың артуымен, тозуымен және энергетикалық инфрақұрылымның жоғары апаттылығымен байланыстырады. Алайда, министрлік жыл сайынғы энергия теңгерімдерін қалыптастыру кезінде, сондай-ақ жаңа өнеркәсіптік нысандарды іске қосу жоспарлары туралы біле отырып, неге ешқандай шара қолданбады?», - деді Роман Скляр.

Оның айтуынша, электр қуатымен қамтуда шектеулер бар, бұл халық пен бизнестің наразылығын тудырады.

«Жағдайды жақын арада түбегейлі өзгерту керек. Министрлік пен Самұрық-Қазына 15 ақпанға дейін жаңа өндіруші қуаттарды іске қосу мерзімдерін қысқарту жағын қайта қарасын. Бұл әсіресе Екібастұз стансасына қатысты. Жаңа нысандарды салумен қатар қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту да маңызды. Жақын арада «Тарифті инвестицияға алмастыру» бағдарламасын іске асыруға кірісу қажет», - деп толықтырды Үкімет басшысының бірінші орынбасары.


Соңғы жаңалықтар