Электр энергетикасы саласын жаңарту бағытында қандай шаралар қабылданып жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев электр энергетикасы саласын жаңарту бағытында қандай шаралар қабылданып жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында депутаттар электр энергетикасында негізгі активтерді жаңарту мен қайта құруға қатысты атқарылып жатқан жұмыстар туралы сұрады.

«Кез келген саладағы ең маңызды мәселелердің бірі негізгі қордың ескіруіне байланысты екені анық. 2009-2015 жылдары «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының арқасында саладағы негізгі қордың тозуы қарқынына тосқауыл қойылды. Өндіруші активтердің тозуы 80 пайыздан (2009 жылы) жоғары болған еді, ал 2018 жылы бұл көрсеткіш 56 пайызға жеткізілді», - деді Қанат Бозымбаев.

Осы орайда стансаларды жаңғыртуға қомақты қаржы бағытталғанын еске салды.

«Бұл ретте бүгінде белгіленген қуаттан 30 пайызға электр қуаты мен электр энергиясында профицитке ие болып отырмыз. 2025 жылға дейін біздегі энергия жүйесінде профицит болады. Осы орайда қатты алаңдаудың реті жоқ. Қуаттарды қалпына келтіру мен тиісті жұмыстарды жалғастыруға тоқталсақ, 2015 жылы бағдарлама аяқталғанның өзінде, 2016-дан 2018 жыл аралығында бұл бағдарламасыз да 175,5 млрд теңге инвестиция салынып, 710 МВт жаңа қуат нысаны жаңартылды», - деді министр.

Оның айтуынша, саладағы нысандардың тозуы көрсеткішін төмендету үрдісі алдағы 5 жылда біртіндеп жалғасады.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2009 жылы Қазақстанда генерация активтерінің тозуы 83 пайызға жеткен. Атқарылған шаралардың нәтижесінде, бұл көрсеткіш 56 пайызға дейін (2018 жылы) төмендеді. Осы орайда бүгінде аталған тозу деңгейдің өсуіне жол бермеу бойынша негізгі мақсаттар мен міндеттер айқындалды.

Соңғы жаңалықтар