Елдің солтүстігінен тұрғындар аз көше бастады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - СҚО тұрғындарының санын көбейтуге бағытталған жұмыстар өз жемісін бере бастады. Өңірден көшіп кеткен тұрғындардың саны 15%-ға азайған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі

СҚО статистика департаментінің мәліметінше, 2017 жылмен салыстырғанда былтыр өңірден кеткендер саны 15 % азайған. Мәселен, 2017 жылы 12 мыңға жуық адам облыс аумағынан қоныс аударған болатын.

«Біз миграциялық процестер бойынша оң өзгерістерді байқап отырмыз. Көптеген жастарымыз өңірде қалуда. Шекаралық аймақтарға барып оқитын жастардың саны 13% қысқарды. 2018 жылы Манаш Қозыбаев атындағы СҚМУ гранттар санын 342 ден 1072 дейін өсірді. Жергілікті бюджеттен 75 грант бөлінді», - деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

2018 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында облысқа 1,5 мың адам немесе 450 отбасы көшіп келді. Қоныс аударғандар бүгінде Солтүстік өңірдің 224 елдімекенінде тұрып жатыр. Оларды жұмысқа орналастыру, баспанамен қамту мәселелері толық шешілген.

Биыл тағы 2 мың адам келеді деп жоспарланған. Болашағы бар ауылдарда 600 үй салынады. Оларға жол, мектеп, амбулаторияны жөндеуге, ауыз сумен қамтамасыз етуге қаржы бағытталады. Айтып өткен жөн, биыл 705 км жол жөндеуге 37 млрд теңге бөлінеді. 29 ауылға таза ауыз су келеді, бұл елдімекендерде 24 мың адам тұрады.

Соңғы жаңалықтар