Елдің батысындағы тұрғындар сайлауда өз таңдауын жасауда

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Еліміздің болашағы жарқын болсын! Бұл туралы бүгін Х.Доспанова атындағы №30 орта мектепте орналасқан №435 сайлау учаскесінде алғаш рет дауыс берген 18 жастағы Нұрсәт Хабибулла мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, өзі М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің жаратылыстану-география факультетінің 1 курсында оқиды.

«Мен университетте химия және биология пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Келешекте ұстаз болып, шәкірттерге дәріс беріп, өз еліміздің дамып, одан әрі өркендеуіне үлес қосқым келеді. Бүгін бірінші болып, өз таңдауымды жасадым. Бұл сайлаудың еліміз өміріндегі маңызы зор екендігін түсінемін. Сайлау учаскесінде бізге сыйлықтар беріліп, көже-бауырсақтан дәм таттық», деді ҚазАқпарат тілшісіне Нұрсәт Хабибулла.

Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Гүлшат Бисенғалиеваның сөзіне қарағанда, аталған учаскеде барлығы 2377 сайлаушы тіркелген. 13 адам үйден дауыс бермекші. Сайлау барысы қалыпты өтуде, оны байқаушылар қадағалауда.

Осы мектепте орналасқан №410 сайлау учаскесінде 18 жастағы Гауһар Сырым алғаш рет дауыс берді. Оған және учаскеге бірінші болып, дауыс бергендерге ескерткіш сыйлықтар табыс етілді.

«Дауыс беру әдеттегідей уақытымен басталды. Біздің учаскеде 2652 сайлаушы тіркелсе, соның 20-сы үйден өз таңдауларын жасайды. Сайлау барысын байқаушылар бақылап отыр», деді учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Райгүл Иманғалиева.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да бір мандаттық округтер бойынша 543 кандидат тіркелгенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар