Елдің батысында республикалық жолдар құрылысы қалай жүріп жатыр

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Атырау-Астрахан» трассасын жөндеуге қажетті инертті материалдарды уақытылы жеткізуде қиындық бар. Осындай уәжін мердігер ұйымдар ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысовқа білдірді, деп хабарлайды қазАқпарат.

А.Ыдырысов Ақтөбе мен Атырау облыстарында жұмыс сапарымен болып, жалпы ұзындығы 722 шақырымды құрайтын «Ақтөбе-Қандыағаш», «Қандыағаш-Мақат» және «Атырау-Астрахан» (Ресеймен шекара) жолдарындағы құрылыс жұмыстарының барысын тексерді.

Ақтөбе облысында Алмаз Ыдырысов «Ақтөбе-Қандыағаш» жолының қайта жөндеу жұмыстарымен танысып, Темір ауданының Шұбарқұдық ауылында жергілікті атқарушы органдар, құрылысты қадағалау жөніндегі кеңесшілер, мердігерлік ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жиын өткізді. Жолға қатысты туындаған мәселелер мен сұрақтар қарастырылып, жергілікті халық өз ұсыныстарын жеткізген. Бұл жоба бойынша жолдың құрылымдық қабаттарын салу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Сол себепті вице-министр құрылыс жұмыстарының қарқынын жеделдетуді және жұмысты белгіленген мерзімге дейін сапалы аяқтауды тапсырды.

Сонымен қатар вице-министр Атырау облысы Жамансор ауылында өндірістік базада 7 лотты қамтитын және жалпы 304 шақырымды құрайтын «Қандыағаш-Мақат» жобасы бойынша жиын өткізді. Ал «Атырау-Астрахан» жобасының құрылыс-монтаждау жұмыстарын талқылау үшін арнайы жиынды Аққыстау өңірі мен Исатай станциясында өткізді. Жиын барысында жергілікті мердігер ұйымдардың өкілдері құрылыс жұмыстарына қажетті инертті материалдарды облысқа уақытылы жеткізуде қиындықтың барына тоқталды. Осыған орай Алмаз Ыдырысов «ҚазАвтоЖол» ұлттық операторына бұл мәселені тез арада шешуді жүктеді.

Бұдан бөлек, министр орынбасары Атырау облысының әкімі Серік Шапкеновпен кездесіп, жұмыс сапары барысында туындаған мәселелерді талқылады.

Айта кетейік, 2019-2021 жылдар аралығында «Атырау-Астрахан» автожолының бірінші кезеңінде Ресеймен шекарадан бастап, Ганюшкино ауылына дейін 60 шақырым жол қайта жөнделген. Ал қазіргі кезде қайта жөндеу жұмыстары ұзындығы 217 шақырымды құрайтын учаскелерде жүргізіліп жатыр.


Соңғы жаңалықтар