Елдігімізге сына қағатын зұлымдықтардың жолын ымырасыз кесуіміз қажет

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптаның бейсенбісінде бүкіл Қазақстан халқы Ақтөбе қаласында орын алған жантүршігерлік лаңкестік оқиғалардың салдарынан қаза тапқан азаматтарды бір күні бойы аза тұтты. Айдың-күннің аманында ел ішінен шыққан бүлікшілер бүкіл республиканы дүрліктірді десек артық айтқандық емес. Есте болса, өткен жексенбі күні Ақтөбедегі «Паллада» мен «Пантера» қару-жарақ дүкендеріне, одан кейін Ұлттық гвардияның әскери бөліміне шабуылдаған қарақшылар 4 бейбіт тұрғын мен 3 әскери қызметшінің өмірін қиған еді.

Осыған орай Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкімімен Ақтөбе қаласында жасалған террористік актінің салдарынан адамдардың құрбан болуына байланысты Қазақстан Республикасында ұлттық аза тұту күні болып 9 маусым жарияланды. Мұнан бөлек, Елбасы осы қанқұйлы оқиғаға байланысты мәлімдеме де жасады. «Мен қайтыс болғандардың отбасыларына, туыс-туғандарына шын жүрегіммен көңіл айтамын. Қаза тапқан әскери қызметкерлер отан алдындағы антына адал болып, ел қауіпсіздігі жолында өшпес ерлік көрсетті. Олардың ерліктері мемлекет тарапынан лайықты бағаланатын болады. Оның үстіне 4 азамат қайтыс болды, бәрі Ақтөбенің тұрғындары. Сондықтан, мен ертеңгі бейсенбі, 9 маусым күнін Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаймын. Қаза болғандардың артында отбасы, бала-шағалары қалды. Менің тапсырмам бойынша, оларға барлық қажетті көмектер жасалуда», - делінген еді Мемлекет басшысының мәлімдемесінде.

Айта кетерлігі, Қазақстан Көшбасшысының тапсырмасымен «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед оқиға орын ала салысымен іле-шала Ақтөбеге арнайы ат басын бұрып, лаңкестер қолынан қаза тапқан азаматтардың отбасыларында болды, Қазақстан Президентінің шынайы көңіл айтуын жеткізді. Сонымен қатар қара жамылған отбасылардың мемлекет қамқорлығынсыз қалмайтындығын айтып, арнайы көмектің де болатындығын жеткізді. Бүгінде отбасы мүшелерінен айырылғандарға мемлекет және жергілікті атқарушы билік тарабынан 1-5 миллион теңге аралығындағы материалдық көмек берілетіндігі белгілі болып отыр. Мұнан бөлек, өзгенің басына туған қасіретті өзіне төнгендей көретін Қазақстан халқы қолдарынан келгенше қанды қол қарақшылардың оғынан мерт болғандарға бір күндік жалақыларын да аударып жатқаны бар.

Еліміздің күш-қуат құрылымдарына қарулы қарсылық көрсетіп, өліспей-беріспейтіндіктерін ашық көрсеткен лаңкестердің талайы жер жастанды. Оқиға орын алған күні бой тасалағандардың біразы ұсталды, берілмеуге бел шешкендері бақилық болды. Мәселен, бүгін ғана бой тасалаған 6 лаңкестің 5-еуі арнайы операция барысында оққа ұшты. Әлі де болса енді қалған біреуі мен жалпы лаңкестерге дем берген, оларға қолдау көрсеткен серіктестері іздестірілу үстінде. Бүгінде Қазақстанның барлық өңірінде лаңкестік қауіптің «сары», ал Ақтөбе аймағында «қызыл» деңгейі енгізілген. Бұл режім қолданысқа енгізілген күннен бастап 40 күн бойы өзекті болмақ.

Иә, елді дүрліктірген есерлердің үстінен қылмыстық істің қозғалғанын да бүгінгі күні еліміздің Бас прокуратурасы ресми хабарлап отыр. Дегенмен, есерді тиып, бейбіт елдің шырқын дәл осылай бұзатындарға мемлекет тарабынан қолданылатын жаза да қатаң болуы тиіс сияқты. Осы ретте Елбасы мәлімдемесіндегі қолына қару алып, бейбіт адамның өмірін қиғандарға өлім жазасы қажет деген сөзі өте орынды көрінеді. «Біріншіден, біз кез-келген сипаттағы экстремизм мен терроризмге қарсы заңдарды қайта қарап, бұл құбылысқа қатаң тойтарыс беру жайын ойластыруымыз керек. Қолына қару алып, кісі өлтірген адам өлім жазасына кесілуі қажет. Екіншіден, елдігімізге сына қағатын зұлымдықтардың ымырасыз жолын кесуіміз қажет. Ел тыныштығын сақтамасақ мынадай әлемдік дағдарыстан өте алмаймыз. Сондықтан барша халық болып бірігіп, елді сақтауды ойлауымыз керек», - деген еді Мемлекет басшысы.

Қорыта айтқанда, бүкіл елдегі ахуал тұрақты, алаңдайтындай жайт жоқ. Құқық қорғау органдары орын алуы ықтимал кез келген оқиғаның алдын алуға сақадай-сай тұр десек те болады.

 

Үкімет лаңкестікке қарсы кешенді шаралар қабылдайды

Осы аптадағы ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысы да Ақтөбедегі лаңкестер шабуылын талқылаудан басталды. Қасиетті Рамазан айының басталар сәтінде ел ішінде дүрбелең тудырған лаңкестердің әрекеттерін қатаң айыптаған Үкімет басшысы мән-жайды анықтау үшін алғашқы сөзді еліміздің Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов берді. Ол өз кезегінде оқиғаның қалай өрбігендігін бүге-шігесіне дейін тарқата айтты. Ал қанды оқиға орын алған өңірдің басшысы Бердібек Сапарбаев облыстағы саяси-экономикалық ахуалдың тұрақталып, құқық қорғау органдары жүргізіп жатқан лаңкестікке қарсы операцияларға халық түсіністікпен қарайтындығын жеткізді.  Ал Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова «Бұл кезеңде 38 адам медициналық көмек алып, 2-еуі қаза тапты. Жеңіл-желпі жараланған 15 адам қабылдау бөлмелерінде қаралып, амбулаториялық емделуге жіберілді. 20 адам ауруханаға жатқызылды. Оның ішінде 14-іне ота жасалды, тағы 3-еуіне қазір операция жасауда. 9 адамның жағдайы өте ауыр. Кеше 6 жетекші хирург мінген санитарлық авиация ұшып кетті. Олар операцияларға толық қатысты. Олар бүгін таңертең оралды»,-  деді ол.

Ақтөбеге қатысты мәселені түйіндеген Үкімет басшысы күш-қуат құрылымдары бұл операцияны соңына дейін жүргізуі тиістігін, әкімдіктер, барлық мемлекеттік органдар сәйкесінше шаралар қабылдауы қажеттігін баса айтты. «Ал одан ары қарай қорытынды шығаратын боламыз. Демек, біздің шаруашылығымызда кейбір кемшіліктер бар деген сөз. Біз бұл ретте бірқатар кешенді шаралар қабылдауымыз керек. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес  бұл мәселені мен өз бақылауыма аламын», - деді К.Мәсімов.

Сонымен Ақтөбедегі қанды оқиғаның салафизм бағытын ұстанған адамдардың жасағаны белгілі болып отыр. Өкінішке орай, олардың еліміздегі нақты саны қанша екендігі белгісіз. Мәселен, «Эксперт» клубының отырысына қатысқан ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин олардың санының 15 мыңға жетіп қалуы ықтимал екендігін айтуда. «Салафизм бағытына кеткен адамдардың нақты санын шығару мүмкін емес. Бірақ, шамамен олардың саны 15 мыңға жетеді. Қазақстанда қанша адам осы салафизм бағытына кеткенін ешкім де дөп басып айта алмайды. Қазір қоғамда сарапшылар осы ағымға тыйым салу туралы пікір айтып жатыр. Құзырлы органдар бұл мәселені жан-жақты зерттеуде. Бірақ, осы бағытқа кәдімгідей тыйым салсақ, оның салдары қандай болады деген мәселені қарау керек. Қазір бұл мәселені жан-жақты қарау керек екенін, себебі, егер біз радикалды шаралар қабылдасақ, онда әдебиетті, аудио-бейнежазбаларға қатысты шешім қабылдауымыз керек. яғни, бір тыйым салумен шешілетін мәселе емес. 2014 жылдан бері «Ақниет» оңтайландыру орталығы дәстүрлі емес діни ағымға кеткен 300 адамды дұрыс жолға салған. Бірақ, олардың қайтып сол ағымға бармайтынына ешкім кепіл бере алмайды. Қазір теріс ағымға кеткен 500-ден астам адам жазасын өтеп жатыр», - деді ол. Комитет төрағасы дәл осы оқиғадан кейін өзге елдің аумағында лаңкестік әрекеттерге қатысы барларды Қазақстан азаматтығынан айыру ұсынысы жоғары жаққа жеткізілгендігін де айтуда.

  

«Нұрлы жол» бағдарламасы қаралды

Дәл осы Үкімет отырысында 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері де қаралды. Бұл жайтқа орай негізгі баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың айтуынша, 2016 жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру үшін ҚР Ұлттық қорынан 839,9 млрд. теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен нысаналы трансферттер түрінде 503,4 млрд. теңге және ұлттық холдингтердің облигациялық қарыздары арқылы 336,5 млрд. теңге қарастырылған. Оның сөзіне қарағанда, 2016 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша аталған қаржының 99,1 млрд. теңге немесе 12 пайызы  игерілген. Оның ішінде көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту бағыты бойынша 47,2 млрд. теңге, республикалық маңызы бар көлік жолдарын салу және қайта жаңғыртуға 35,2 млрд. теңге жұмсалған. Сонымен қатар бұл жылдың ішінде шамамен 900 шақырым республикалық маңызы бар көлік жолдарын салу және жаңғырту жоспарланған. Оның ішінде Алматы-Шу учаскесінде екінші темір жол құрылысына 8 млрд. теңге, Құрық портында паромдық өткел салуға 4 млрд. теңге жұмсалады. Мұнан бөлек, жылу, сумен жабдықтау және су тарту жүйесін жаңғыртуға бюджеттік кредиттеу арқылы 16,6 млрд. теңге бөлу көзделіп отыр. «Жалпы, 2016-2017 жылдары инженерлік желілердің 1 184 шақырымы, оның ішінде жылумен жабдықтаудың 92 шақырымын, сумен жабдықтау жүйесінің 816 шақырымын және су тарту жүйесінің 276 шақырымын салу және жаңғырту жоспарда бар», - деді Қ.Бишімбаев.

Келесі кезекте сөз алған ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев жол бойындағы қызмет көрсету нысандарының құрылысына облыстар назар аудару керектігін баса айтты. «Бүгінде үш санат бойынша жіктелетін жол бойындағы қызмет көрсету нысандарының стандарттары бекітілді. Осылайша, стандарттарға сәйкес, әр 50 шақырым сайын үшінші санаттағы нысан салыну керек, әр 200 км сайын екінші санатты, сондай-ақ туристік немесе тарихи жерлерде бірінші санатты нысандар орналасуы тиіс. Онда бірнеше күнге тоқтау үшін пайдаланушыларға жағдай жасалатын болады», - деді Ә. Исекешев.

Отырысты қорытындылаған ҚР Премьер-Министрі «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру барысымен танысу үшін еліміздің өңірлеріне сапармен баратындығын айтты. «Президенттің тапсырмасы бойынша шілде-тамызда елдің барлық өңірлеріне сапармен барамын. Сапар кестесі әкімдермен келісіліп жатыр. Әр облыста «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша нысандарды аралауды міндетті түрде ескеру қажет», - деді К. Мәсімов.

Соңғы жаңалықтар