Елдігіміздің ең еңселі ескерткіші Елордада бой көтерді

None
None
анның 20-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  - Он жылға жаңа толғанымен, шапшаң қарқынмен өсіп отырған Астанада бұған дейін де талай ескерткіштер бой көтеріп келді. Олардың арасында көпшіліктің көзқуанышына айналғандары, қаланың ажарына ғана емес, айбарына да мазмұн бергендері де болды.

Бірақ бүгінгі салтанатты ашылу рәсімі өткізілген «Қазақ елі» монументінің әр қазақтың жүрегінен терең орын алатынына, халықтың бірлігі мен тұтастығына әрдайым үндейтін, сондай қасиеттерді ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыра жеткізетін ескерткіш болатынына сенім күшті. Салтанатты ашылу барысында Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы ескерткіш туралы : «Бұл - ата-бабаларымыздың рухына тағзым етіп, жас ұрпақты ізгілікке, отансүйгіштікке бастайтын киелі орын», деп атауы да бекер емес. Өйткені, бұл ескерткіш ендігі күні Қазақ елінің басты монументі ретінде ұрпақтар байланысын, уақыт үндестігін бейнелейтін болады.

Еркіндікті аңсаған Қазақ елінің басынан талай аумалы-төкпелі заман өтті. Көптеген қырғыннан аман қалып, тағдырдың үлкен сыйы - Тәуелсіздікке бөленген Қазақстанның ендігі мұрат, мақсаты да сол тағдыр сыйын мәңгілік ұрпаққа баянды, аманатты ету ғана. Ал ондай баяндылықтың негізгі түйіні өткенді еске алып, бүгінгіге шүкіршілік қылу, жастардың санасына ұлттық мұраттарды сіңіруден басталады емес пе?! Қаймана қазағымыздың басынан өткергендерін ұмытпау да осының бір көрінісі. Тәуелсіздік демекші, сол тәуелсіздікке қол жеткізу ешқандай жұртқа оңай болған емес, болмайды да! Ал қазақ үшін бұл қасиетті ұғымның орны қашанда ерекше! Арғысын айтпағанда, Абылай ханнан кейінгі Кенесары тұсынан бері қазақ даласында 350-ге тарта ұлт-азаттық көтерілістері орын алған екен. Абай тұсында отаршылдық бұғау шын күрмей түссе, «Оян, қазақ!» тұсында қаншама қазақтың маңдайалды марқасқалары, ұлт зиялылары құрбандыққа шалынды. Ал Желтоқсан тұсында салынған жараны қалай ұмытпақпыз! Мінеки, тәуелсіздік тарихының тамыры осылайша  тереңнен өрбиді.  

Осыдан бір жыл бұрын алты алаштың киелі ордасы - Астананың онжылдық мерейтойы қарсаңында Мемлекет басшысы «Қазақ елі» монументін салтанатты түрде ашып еді. Төл тарихымыздың жарқын жолы, жасампаз куәсінің бейнесіндей болған осы «Қазақ елі» монументінің алдында сөз сөйлеген Елбасы да толғана отырып, қазақтың басына түскен қаралы күндеріне ой жүгіртіп өткен болатын. «Мұның бәрі - ұмытуға болмайтын төл тарихымыздың қастерлі беттері, халқымыздың қасіретті тағдыры. Бүгінгі ұрпақ бұларды жақсы білуі тиіс. Сол себепті, Астананың 10 жылдығын мерекелей отырып, «Қазақ елі» монументінің алдында өткенімізге салауат, бүгінімізге тәубе дейік, ағайын! Ел үшін, жер үшін құрбан болған ерлердің рухының алдында тағзым етейік. Астананың төрінен қазақ елінің баянды болашағына бағдар сілтейтін еңселі ескерткіш тұрғызылуының өзі заңды құбылыс. Қазақ мемлекетінің басты ескерткіші осы монумент болады. Астана төрінен ашылып отырған «Қазақ елі» монументі халқымыздың өткені мен бүгінін байланыстырып тұратын мәңгілік белгі. Бұл монумент біздің ата-баба аманатына адалдығымыздың, терең тамырлы салт-дәстүр мен ұрпақ жалғастығының жарқын көрінісі», деп атап өткен болатын.

 Содан кейінгі бір жылдан сәл астам уақыт барысында Астана қаласы мәслихаты депутаттарының бастамашылығымен «Қазақ елі» монументінің нышандық мазмұны мен мәнін тереңдете түсетін біршама өзгерістер қамту шарасы жүзеге асқан болатын. Бүгінгі күні елорданың бас алаңына жиналған 70 мыңға  тарта жұртшылық, «Қазақ елі» монументінің қосымша композицияларымен көмкерілген сәулеттік-мүсіндік кешенінің ашылу салтанатын тамашалады.

Бұдан бұрын да жазылғандай, «Қазақ елі» монументінің негізгі өзгерістері тұғыр граниттің төрт қабырғасына жасалған. Олардың әрқайсысына көлемі 3,7х6,9 метрлік қоладан құйылған  бедербейнелерді (барельеф) қамтиды. Қазақстан тәуелсіздік алып, егемен ел болғанына 20 жылға жуықтаған жас мемлекет, сондықтан барлық композиция адам бейнесін бедерлеу арқылы жасалыпты. Мәселен, бедербейненің алғашқысы «Халық және Президент» деп аталып, онда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Конституцияның үстіне қолын қойып, ант беріп тұрған сәті  бедерленген. «Қазақстанның дәл бүгінгі мемлекет ретінде қалыптастыру мақсаты жолында тарихтың талай қатал сынағын тайсалмай еңсеріп, тайынбай тәуекелге мінетін табанды күрескер, аса талантты саясатшы, тарлан көшбасшы Н. Назарбаевқа айтар алғысымыз, әрине айрықша болмақшы. Қаһармандыққа толы өткенімізді, жасампаздыққа толы бүгінімізді батыл бастамашылдыққа толы ертеңімізді бейнелейтін ақ мәрмәр монументтің орталық тұлғасы - Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті  Н. Назарбаевтың болуы әбден заңды. Тәуелсіздіктің қуанышымен келген шат-шадыман ағайынның асқақ көңілі алып самұрықтай аспанға самғайды. Әлем сахнасында өз Конституциямызды қабылдап көтерген күнімізді еске түсіреді. Бұл нар жолында жүк қалдырмас ерлікке барабар ескерткіш. Бұл абзал армандар мен асыл мұраттарға қанат бітіре алатын дархан елдікке ескерткіш. Бабалар аманатын орындаған, ардақты ұлын аялаған халықтық махаббаттың ескерткіші. Жасампаз халық, жаңашыл қауым екенімізге, ел жолындағы еңбекті әділ әспеттей білетінімізбен сендіреміз. Намысына бекем, мұратына адал Қазақ елі құлпырып көркейе бергей», деді салтанатты жиынды ашып сөз сөйлеген Қазақстанның халық жазушысы, сенатор Әбіш Кекілбай.  Шындығында, Елбасы бүгінгі күні әлем елдерінің беделді басшылары мойындаған үлкен тұлға. Тағы сол Ә. Кекілбай айтпақшы «Тұңғыш Президент - Ерекше Президент» болып табылады. Ал Елбасының ұлттығымыз үшін, тәуелсіздігіміз үшін сіңірген еңбегі барша қазақстандықтарға мағлұм. 

Ал монументтің оң жағындағы келесі  бедербейне - «Қаһармандық» деп аталады. Онда Отан қорғау қазақ ұлтының ежелден басты және қасиетті құндылықтарының бірі болғанын көрсететін  образдар шоғырланған. Ал монументтің батыс жақ бетінде орналастырылған «Жасампаздық» бедербейнесінде  халқымыздың көшпелі дәуірден ғарышқа ұшқанға дейінгі жолы  көрсетілген. Осы бөлікте жоба авторлары  металлург пен мұнайшы, инженер мен диқан, құрылысшы мен ғарышкер бет-бейнесі арқылы негізгі лейтмотив болып табылатын жасампаз адамдар арқылы мемлекет қуатын көрсетуге ұмтылған. Монументтің шығыс жағындағы соңғы бедербейне  «Болашақ» деп аталады. Онда тәуелсіз елде өсіп, өз тағдырларын өздері жасап, ғылымда, мәдениетте, спортта үлкен жетістіктерге жетіп келе жатқан қазақстандық жастардың көңілді шақтары  нақышталған.

 Сөйтіп, төрт құбыласы тең Қазақ елінің барша мұраттарын айқындайтын композициялық кешеннің төрт жаққа қараған қырлары да үлкен сыр шертіп тұрғандай. Төрт тақырыпты төрт түрлі қырынан ашатын бедербейнелердің де әр түрлі ойларға жетелейтін маңызы зор. 

Алатаудың бауырындағы Алматыда Тәуелсіздік монументі бой көтергенде төбесі көкке бір елі жетпей қалған қазақ қауымы ендігі күні Астананың ортасынан орын алған «Қазақ елі» монументіне  мақтанышпен қарайтын болып отыр. Сондықтан да, елдігіміздің, егемендігіміз бен тәуелсіздігіміздің рәмізі ретінде бой көтерген еңселі ескерткіш ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа аманат ретінде жете беретініне дау жоқ.

Соңғы жаңалықтар