Елді мекендердің су тасқынына дайын еместігі туралы 346 ескерту берілді

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елді мекендердің су тасқынына дайын еместігі туралы 346 ескерту берілді. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл өңірлердің су тасқынына дайындығын Президент Әкімшілігі мен Қауіпсіздік кеңесінің, аудандар мен ауылдық округтердің жергілікті атқарушы органдарының комиссиялары, Төтенше жағдайлар министрлігі мамандары тексерді. Елді мекендердің су тасқынына дайын еместігі туралы 346 ескерту берілді, оның 304-і жойылды. Су тасқыны кезеңіне дайын еместігі туралы ескерту берудің негізгі себептері - қардың уақтылы шығарылмауы, су өткізу құрылыстарының жеткіліксіз тазалануы, инертті материалдар қорының дайын болмауы», - деді Ю. Ильин.

Оның айтуынша, жол картасын іске асыру бойынша қабылданып жатқан шараларға қарамастан, жергілікті атқарушы органдардың су тасқынына қарсы алдын алу іс-шараларын жергілікті бюджет есебінен қаржыландыру мәселесін елемеу фактілері орын алып отыр.

«Өткен жылы 2,2 млрд теңге сомасына 37 іс-шара ғана іске асырылды, 22 шара іске асырылмай қалды. Соңғы бес жылда (жол картасын іске асыру кезеңінде) елді мекендерді су басу себептеріне жүргізілген талдау алдын алу жұмыстары аяқталған елді мекендерді су баспайтынын немесе оларда су басу барынша азайғанын көрсетеді. Елді мекендерді су тасқынына қарсы қорғауды қамтамасыз ету кезінде тап болып отырған проблемалардың бірі - тұрғын үйлердің су қорғау аймақтары мен белдеулерінде орналасуы, сондай-ақ осы аумақтарда үй салудың жалғасып жатқанында», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанда 285 елді мекенде су тасқыны қаупі сақталып отыр.


Соңғы жаңалықтар