Елді мекендерде сумен жабдықтау жөніндегі бірыңғай оператор құру керек - Мәжіліс

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елді мекендерде сумен жабдықтау мен реконструкциялау жөніндегі бірыңғай оператор құру керек. Бұл туралы Мәжілістегі парламенттік тыңдауда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлттық статистика бюросының дерегінше, ауылдық елді мекендердегі су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы 43,9 мың шақырымды құрайды. Оның ішінде 6,3 мың шақырымы ауыстыруды талап етеді. Республика бойынша жұмыс істеп тұрған сумен жабдықтау жүйелері 40-50 жыл бұрын салынған. Онда технологиялық жүйелердің тозуы, техникалық жағдайының нашарлығы, сондай-ақ жиі болып тұратын апаттар мен тазарту құрылыстарының тиімсіз жұмысы байқалып отыр», - деді Қ.Өскенбаев.

Министр желілердің тозу себептері ретінде мамандандырылған кәсіпорындардың болмауын, жұмыс істеп тұрған коммуналдық кәсіпорындардың материалдық-техникалық базасының әлсіздігін айтты.

«Іс жүзінде салынған су құбыры желілері әкімдіктердің теңгерімінде қалады немесе білікті мамандары мен арнайы техникасы жоқ бейінді емес кәсіпорындарға беріледі», - деді министр.

«Бүгінгі парламенттік тыңдауда Мәжіліс төрағасы атап өткендей, бұл салада бірыңғай оператор құрған дұрыс. Себебі салынып жатқан желілердің сапасы төмендеп кетеді. Бұл нысандарға қарайтын білікті мамандар да тапшы. Сондықтан осы мәселені маңызды деп санаймыз», - деді ведомство басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов елді мекендерде сумен жабдықтау, су бұру жүйелерін пайдалану, жобалау, салу және реконструкциялау жөніндегі бірыңғай оператор құру керек екенін айтты.


Соңғы жаңалықтар