Елді дамытуға мүгедектігі бар адамдардың әлеуетін де пайдалану керек – министр

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау үшін биыл мемлекеттік бюджеттен 600 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау кешенді жүйесі аясында әлеуметтік қамсыздандырудың үш деңгейлі жүйесі жұмыс істеуде. Бүгінде осы үш көзден берілетін жиынтық төлемді 530 мыңға жуық адам алып отыр. Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесінде 87 мың адамға мемлекеттің кепілдірілген арнайы әлеуметтік қызметі көрсетілуде. Техникалық құралдармен 181 мың адам қамтылды. 4 мыңға жуық мүгедектігі бар азаматқа атаулы әлеуметтік көмек қарастырылды», - деді Тамара Дүйсенова Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Министрдің айтуынша, осы бағдарламаларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік бюджеттен биыл 600 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.

«Қол жеткен мүмкіндіктер – Үкіметтің, қоғамдық бірлестіктердің және үкіметтік емес ұйымдардың бірлескен қызметінің нәтижесі. Алайда басталған реформаны әлі де тереңдете түсуді қажет ететін бірқатар жаңа проблемалар мен шешімін таппаған мәселелер де бар. Нақтырақ айтсақ, әлеуметтік қызметкерлер институтын толық қалыптастыру және жергілікті атқарушы органдардың әлеуметтік қызметтеріне ребрендинг жасау керек. Сондай-ақ, көрсетілетін қызметтердің балама үлгілерінің аясын кеңейту, цифрлық технологияларды енгізу және елді дамытуға мүгедектігі бар адамдардың әлеуетін де пайдалану үшін оларды оңалту жүйесін жақсарту қажет», - деді Тамара Дүйсенова.

Бұған дейін Еңбек министрі мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту мәселесін көтерген еді. Бүгінде мүгедектігі бар 100 мың азамат жұмыс істеп жүр. Бұл – еңбек жасындағы мүгедектігі бар адамдардың төрттен бірі ғана деген сөз.

Сонымен бірге, ауылдық жерлерде мүгедектігі бар жандарға қызмет көрсететін сыйымдылығы шағын үйлер ашылады.


Соңғы жаңалықтар