Елден заңсыз шығарылған капитал 100 млрд доллардан асуы мүмкін - Әлібек Қуантыров

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қазақстан аумағынан заңсыз шығарылған капитал 100 млрд доллардан асуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шетелге заңсыз шығарылған капиталдың сомасы туралы айтсақ, ол қандай уақыт кезеңі қаралып отырғанына байланысты. Бірақ бұл жерде бірнеше ондаған миллиард доллар жайында сөз болып отыр. Оның бәрі қалай қайтарылатынына келсек, мұнда түрлі механизмдер бар. Жаңа тәсілдерді қарасақ, салықтық және салықтық емес ынталандыру шаралары қаралған. Салықтық ынталандыру бойынша белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Бұл бағыт бойынша екі жақтан істі бастадық. Бірінші бағыт - капиталды сыртқа заңсыз шығарудың жолын кесу болып саналады. Мысалы, салықтық шараның бірі – инвестор төлемеген дивидендтің жеңілдіктерін алып тастай аламыз», - деді министр орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Оның айтуынша, бұл бағытта капиталды қайтаруға ынталандыру шаралары да пысықталып жатыр.

«Тікелей шетелдік инвестиция тартуды айтсақ, 30 жылда 400 млрд доллардан астам қаражат тартылған. Бұл жерде де осындай тәсілмен қарау керек. 1 млрд доллар ғана емес екені түсінікті. Нақты сомасын айту өте күрделі. Бірақ шамамен 100 млрд доллардан сәл көп болатын шығар»,- деді Әлібек Қуантыров.

Еске сала кетейік, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов капиталды шетелден елге қайтаруды ынталандыру және елімізден қаражаттың жылыстауына қарсы іс-қимыл жасауға бағытталған шараларды күшейту шаралы бойынша кеңес өткізген болатын.


Соңғы жаңалықтар