Елдегі тұрақтылықтың сақталуы үшін дауыс бердім – Жарасбай Сүлейменов

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында алғашқылардың бірі болып дауыс берген қоғам қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисті Жарасбай Сүлейменов бұл саяси оқиғаның маңыздылығы жайында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарасбай Сүлейменов Петропавлдағы Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында орналасқан № 627 сайлау учаскесінде таңдауын жасады. Оның айтуынша, әр адам конституциялық құқығын пайдаланып, дауыс беруге міндетті.

«Бұл – үлкен саяси оқиға. Оған қатысу керек, азаматтық құқықты пайдалану қажет. Конституциялық заңға сәйкес сайлауға ақыл-есі кем, сондай-ақ сот үкiмiмен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар ғана қатыса алмайды. Сол себепті, ең басты саяси құқығымызды пайдаланып, азаматтық борышымызды өтейік», - дейді Жарасбай Сүлейменов.

Қоғам қайраткерінің пікірінше, биылғы сайлаудың ерекшелігі – оған 5 партияның қатысуы. Бұл – еліміздегі демократияның көрінісі.

«Мен дауысымды еліміздегі тұрақтылық сақталуы үшін, Қазақстанды мекендеген ұлттардың ынтымақ-бірлігі үшін, осы 30 жылда атқарылған ұлан-ғайыр істердің әрі қарай жалғасын табуы үшін бердім.

Сайлау дегенде ең алдымен, көз алдыма ата-анам келеді. Олар еңбек адамдары болды. Сол күні таңсәріден тұрып, бар жақсы киімін киіп, сайлау учаскесіне кететін. Мерекеден кем болмайтын. Музыка ойнап, арнайы жәрмеңке ұйымдастырылатын. Халық бір мәре-сәре болып қалатын. Әке-шешемнің тәрбиесін көрген мен бір рет те сайлаудан қалған емеспін. Бұл жолы да зайыбым екеуіміз бірге барып өз таңдауымызды жасадық», - дейді «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС директоры, белгілі журналист Жарасбай Сүлейменов.


Соңғы жаңалықтар