Елдегі тағайындаулар: Бұрынғы шопыр қала әкімінің орынбасарына дейін көтерілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы аптада мемлекеттік органдарда бірқатар тағайындаулар өтсе де, Президент Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков министрліктерді сынға алды.

Себебі ол жерде басшылық қызметтердің дені әлі де бос тұр. Ал мемлекеттік қызметкерлердің резервінен адам алып жатқан жоқ. Сондай-ақ аймақтарда бірнеше ауыс-түйіс болды. Басшылық қызметтерге бұрын май құю бекетінің меңгерушісі, тіпті көлік жүргізушісі болып істеп, бертін келе, мемлекеттік қызметте әбден шыныққан азаматтар тағайындалды. Жемқорлыққа қарсы қызметтің аймақтық басшылары да ауысты. Ә.Жақсыбеков оларға үлкен үміт артып отыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алдымен ҚР Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары генерал-майор Әділбек Алдабергеновтың тағайындалғанын атап өткен жөн. Бұл азаматты білмейтін сарбаз жоқ шығар. Себебі Алдабергенов мырза лейтенант шенінен бастап генерал атағына дейінгі әскери қызметтің барлық сатысынан өткен. Ал Инвестициялар және даму министрлігінде комитеттің жаңа төрағасы тағайындалды. «Сапарбек Құрақбайұлы бұған дейін талай қызметте біліктілігімен, іскерлігімен көзге түсті. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып бес жылға жуық уақыт қызмет атқарды",- дейді министрдің кеңесшiсi және қоғаммен байланыс бөлiмiнiң меңгерушiсi Берік Уәли. Сөйтіп, бір аптаның ішінде бір-ақ комитет басшысы бекітілді. Аптаның соңында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің кеңейтілген мәжілісіне қатысқан Президент Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков ондай үрдіске "дұрыс емес" деп баға берді. "Маған түскен ақпаратқа сәйкес, "А" корпусындағы ваканттық қызметтерге (басшылық - авт.) адам тағайындау жұмысы дұрыс жүргізілмейді. Қазіргі кезде резервтің барына қарамастан, 16 лауазым әлі де бос тұр. Төрт ай бойы алты бірдей министрлікте 8 комитеттің төрағасы әлі тағайындалмай отыр. Ал осы қызметке үміткерлердің резерві 39 адамды құрап отыр", - дейді ол.

Осы аптада "Астана" президенттік спорт клубында біраз еңбек етіп, велоспорт федерациясын басқарған Дархан Аманұлы Кәлетаев Парламент Сенатына депутат болып келді. Оны Президенттің өзі тағайындады. Ал сенатор Владимир Бобровтың өкілеттілігі тоқтатылды. Сондай-ақ Н.Назарбаев жарлығымен Египет, Марокко, Алжир және Туннистегі елшіміз Берік Арын қызметінен босатылып, Дін істері және азаматтық қоғам  вице-министрі болып тағайындалды.

Өкінішке қарай, ағымдағы аптада төменгі палата - Мәжілістің депутаты Сергей Дьяченкодан көз жазып қалдық. Онымен қоштасу рәсіміне келген xалықтың қарасы көп болды. Халық қалаулысын Ұлттық пантеонға жерледі.

Осы аптада аймақтарда да бірқатар ауыс-түйістер болды. Көкшетауда қала әкімінің орынбасары ауысты. Бұған дейін Мәскеу қаласында Еуразиялық экономикалық комиссиясы монополияға қарсы реттеу департаментінің кеңесшісі қызметін атқарған Иван Юрченко енді қала әкімінің экономикалық мəселелер бойынша "оң қолы" болып қызмет атқармақ. 36 жастағы Иван Иванович еңбек жолын «Автохозяйство» МКҚК-ның екінші санатты шебер-жүргізушісі ретінде бастаған, одан кейін Алматы қаласының атқарушы билік құрылымдарында бас маман ретінде қызмет атқарды. Бұдан бөлек, Қостанай тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласында жұмыс істеді.

Ал Шығыс Қазақстан облыстық  сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасының басшысы қызметіне келген Димитрий Гариков еңбек жолын бастағанда май құю бекетінің меңгерушісі болды. Содан аудан әкімі аппаратының бас маманы, әкім орынбасары, Семей қаласы басшысының орынбасары болып қызмет атқарды. Енді, басқарма басшысы ретінде облыстық әкімдікке ауысып отыр. Сонымен бірге дене шынықтыру және спорт басқармасының жаңа басшысы тағайындалды. Аталған қызметке Асқар Можанов келді. Оның да алған асулары мен бағындырған белестері аз емес.

Бұдан бөлек, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша білім беру саласын бақылау департаментінің басшысы ауысты. Оған Қарағандыда тура осындай қызмет атқарған Темірғали Әбілмәжінов тағайындалды. Бір қызмет болса да, Т.Әбілмәжінов бұған дейін біраз жауапты жұмыстарды атқарды. Қарапайым ауыл мұғалімі болған ол, кеңестер кезіндегі партиялық қызметтер атқарды, тіпті "Колос" атты аудандық газеттің редакторы болды. Бертін келе, Премьер-министрдің кеңсесіне дейін жеткен.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Шығыс Қазақстан облыстық департамент басшысы қызметіне Баxтияр Қамалов тағайындалды. Бұған дейін ол Алматы қаласы бойынша департаментті басқарған.

Ал ШҚО-да бастық болған Тоқтамыс Жұмағұлов Атырау облыстық департаментке жетекшілік етпек. Президент Әкімшілігінің жетекшісі Әділбек Жақсыбековтың сөзіне қарағанда, ондай ротациялар барлық облыстарда болды. Ондай шаралар алдағы уақытта да жалғасады. Себебі жемқорлыққа қарсы қызметте бір адамның ұзақ уақыт отырғаны да "дұрыс емес". Күні кеше кадр мәселесі бойынша Ұлттық комиссияның отырысында біз Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ұлттық бюроның (агенттіктің құрамына кіретін құрылым - авт.) аймақтық органдарының басшылығын бекіттік. Шыны керек, жақсы кадрлар. Меніңше, оларды таңдағанда меритократия негіздері, яғни адамның жеке еңбегі, қабілеті мен тәжірибесі барынша ескерілді. Басшылыққа кәсіби адамдар келді деуге әбден болады. Енді, көбісін ауыстырды, ротация (жаңа адамдарды тағайындау кезінде - авт.) болды. Ол да дұрыс. Себебі ондай жерде бір адамға ұзақ уақыт отыра беруге болмайды. Аталған қызметтің адамдары жұмысын ауыстыруға әрдайым дайын болуы шарт", - дейді Ә.Жақсыбеков.

Осы орайда Президент Әкімшілігінің басшысы агенттіктің құрылу тариxына, оның атауын бірнеше рет ауыстырып, біраз құрылымдық өзгерістердің болғанын еске алды. Сол кезде жемқорыққа қарсы қызметтің қатарында заң бұзған шенеуніктердің істегені де xалықтың есінде. Соның салдарынан қазіргі жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның имиджі бұзылды.

"Енді, жаңадан тағайындалған басшылықтың (аймақтық басшылар - авт.) негізгі міндеті - сол имиджді өзгерту. Халық сіздерге сенуі тиіс", - деп атап көрсетті Президент Әкімшілігінің басшысы.

Соңғы жаңалықтар