Елдегі кәсіпкерлердің арыз-шағымы бойынша Шығыс Қазақстан көш басында тұр

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов бүгін Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлерімен кездесіп, бірқатар мәселелерді талқыға салды. Оның айтуынша, бұл өңір кәсіпкерлердің арыз-шағымы бойынша республикада алдыңғы орында тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы ШҚУ ғимаратында өткен жиынға жергілікті кәсіп иелерінен бөлек, облыстық кәсіпкерлер палатасының, мемлекеттік мекемелердің, құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Талқыға салынған басты тақырып – кәсіпкер құқығының бұзылуын болдырмау, оларға өз істерін ілгерілетуге барынша жағдай жасалу.

«Еліміздің түкпір-түкпіріндегі кәсіпкерлермен кездесіп, оларды толғандырған өзекті мәселелерді тыңдап келеміз. Жалпы, бізге жыл сайын бизнес өкілдерінен түрлі арыз-шағымдар түсіп жатады. Оның ішінде статистика көрсеткендей, Шығыс Қазақстанның кәсіпкерлері жиі шағымданады. Мәселен, соңғы жылы 400-ге жуық арыз түскен. Оның 86 пайызына оң шешім қабылдануына ықпал етілді», – деді Рустам Жүрсінов.

Оның айтуынша, кәсіпкерлерге қойылатын талаптар жыл сайын күрделеніп, қиындап барады. Ал кәсіп иелеріне бұл талаптарға ілесіп отыру оңай емес.

Шараға қатысқан бизнес өкілдері саналуан мәселелерді сөз етті. Құрылыс саласында тер төгіп жүргендерінің бірі құрылыс жұмыстарына қатысты талаптардың тым жиі өзгеретіндігін сынады.

«Біз бір нысанның құрылысын бастаған кезде заңға қараймыз. Онда жазылған міндеттемелерге сәйкес құрылыс жұмыстарын қолға аламыз. Ал нысанды салып біткенде заң мүлде өзгеріп кетеді де, нысанымыз талапқа сай болмай шығады. Жаңа талапқа қайта икемделу едәуір шығынды қажет етеді. Сол үшін құрылысты бастаған кезде қандай талаптар болды, нысан аяқталған кезде сол бойынша тапсырылуы қажет», – деді ол.

Бұл мәселеден хабардар екендігін айтқан кәсіпкер құқығын қорғау жөніндегі уәкіл оның шешімін табу Үкімет деңгейінде қарастырылып жатқандығын жеткізді.

«Рас. Басқа өңірлерде де осы жайлы айтатындар кездеседі. Заңның қайта-қайта өзгеруі кәсіпкерлерге қиындық тудырады. Сондықтан осы мәселенің оң шешім табуын бақылауда ұстайтын боламыз», – деді Рустам Жүрсінов.


Соңғы жаңалықтар