+7 (701) 759 90 19
USD 421.58 EUR 496.83
RUB 5.53 CNY 62.2
Jańalyqtar

Елдегі эпидемиологиялық ахуал жақсарды – осы үрдісті сақтап қала аламыз ба

2020 жылғы 28 шілде 13:00
Бөлісіңіз:
Елдегі эпидемиологиялық ахуал жақсарды – осы үрдісті сақтап қала аламыз ба

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде қатаң шектеу шараларының алынуына бір аптадан аз уақыт қалды. Яғни қатаң карантиннің соңғы аптасы өтіп жатыр. Жалпы бұл карантиннен сабақ алдық па? Тамызда қауіпті індет тағы өршіп кетпей ме? Бұл сұрақ бүгінгі күні халықты да, үкіметті де алаңдатып отыр.

Ұқсас жаңалықтар
Қазақстанда өткен тәулікте 69 адам коронавирустан жазылып кетті Өткен тәулікте Қазақстанда 58 адамнан коронавирус анықталды Алматы емханалары коронавирустың жаңа толқынына дайындықты бастады

Ауру емес, салауатты әдеттер «жұқпалы» болуы тиіс

Бүгінгі Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елдегі эпидемиологиялық ахуалды баян етті. Оның айтуынша, 5 шілдеден бастап үш аптаның ішінде елде КВИ жұқтырудың 35 951 жағдайы тіркелген. Жалпы қатаң шектеу шараларын енгізген сәттен кейін тіркелген жағдайлардың 29 пайызға азайғаны байқалады. Қазіргі уақытта COVID-19 вирусын жұқтыру бойынша жағдай күніне орташа есеппен 1600 адам деңгейінде тұрақталған. Сонымен қатар, төсек орындар 43 пайызға, жансақтау бөліміндегі төсек орындар 27 пайызға босап, жұқтырғандардың ішінде сауыққандардың үлесі 63 пайызға артқан.

«Осылайша денсаулық сақтау жүйесіне түскен жүктеменің негізгі көрсеткіштерін төмендетуге қол жеткізілді», - деді ол.

Алексей Цой инфекцияның таралуында қол гигиенасы ерекше рөл атқаратынын еске салды. Осыған байланысты барлық қоғамдық орындарда қолды тазартып тұру үшін санитайзерлер орнатылуы тиіс. Одсн бөлек барлық ақпарат арналары бойынша халықпен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек.

«Сондай-ақ әлеуметтік қашықтық қағидаты сақталуы тиіс: кеңселердің қашықтан жұмыс істеуі (20/80 қатынасында) және оқушылар мен студенттерді қашықтықтан оқыту; Маска тағу режимі мен әлеуметтік қашықтықты сақтау мүмкін болмағандықтан, бұқаралық іс-шаралардың барлық түріне тыйым салу; Бизнестің жауапкершілігін арттыру – бақылауды күшейтіп, нысандарды бөліктерге бөлу және адамдардың толып кетпеуін қадағалау керек. Бұл шаралар барлық ақпараттық арналар бойынша насихатталуы қажет», - деді Алексей Цой.

3 тамыздан бастап қандай нысандар жұмысын бастайды

Денсаулық сақтау министрі сондай-ақ Қазақстанда 3 тамыздан бастап жұмыс бастауына рұқсат берілетін нысандарды атады. Ол үшін төмендегі нысандарда санитарлық-дезинфекциялық режим сақталып, маска тағу мен әлеуметтік қашықтықты сақтау талаптары орындалуы керек. Бұл нысандар жұмысын бастау үшін апта ішінде инфекцияның таралу деңгейі тұрақталып, төсек орындар 70 пайызға босауы тиіс.

«Атап айтқанда осындай шарттар орындалған жағдайда ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, уақыты мен күні шектеулі тәртіпте сауда желілері, жабық азық-түлік нысандары мен азық-түлік сатпайтын базарлар ашылады. Сондай-ақ, балалардың коррекция кабинеті, білім беру орталықтары, балаларды дамыту орталықтары, топтық үйірмелер (бес баладан аспауы керек) жұмыс бастайды. Балалардың мектепке дейінгі мекемелеріне де кезекші топ режимінде жұмыс істеуге рұқсат. Сән-салондары, шаштараздар, косметикалық қызмет көрсететін орталықтар мен салондар, маникюр мен педикюрлар (алдын ала жазылу бойынша) да ашылады», - деді ол.

Алексей Цойдың айтуынша, мемлекеттік қызметшілер мен кеңсе қызметкерлерінің 80 пайызы қашықтан жұмыс істеу тәртібі сақталуы тиіс.

Министр сондай-ақ тұрғындардың көшеде қандай талаптарды сақтауы қажеттігін түсіндірді.

«Спортпен айналысу форматына қатысты, әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, ашық ауада жеке және топтық жаттығуларға рұқсат етіледі. Сондай-ақ, ұлттық құрамалар үшін 30 адамнан аспайтын спорт жаттығуларына рұқсат беріледі. Көшеге, саябақтарға, скверлерге және жағалауға барғанда 3 адамнан артық топтасуға болмайды. Қоғамдық көліктің жұмысы уақыт пен жолаушылар санын 50% шектей отырып, маска тағу, санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтауды және кондукторлардың болуын міндеттеу арқылы қайта жанданады», - деді Алексей Цой.

Әйтсе де қатаң карантин шаралары күшін жойғанымен шектеу талаптары ішінара күшінде қалатын болды. Атап айтқанда, 3 тамыздан кейін мына тыйым күшінде қалуы керек: жаппай жиналатын бұқаралық шараларды өткізуге, көңіл көтеретін мекемелерге, кинотеатрлар мен фудкорттарға, банкет залдарының жұмыс істеуіне рұқсат жоқ. Мейрамханалар мен барлар, түнгі және ойын клубтары да әзірге жұмыс бастамайды. Мәдениет нысандарының, музейлердің жұмысы жанданбайды. Конференциялар мен көрмелер, форумдар өткізілмейді. Спорт залдардың, фитнес-орталықтардың, бассейндер мен аквапарк жағажайларының, діни нысандардың жұмысы басталмайды. Қала маңына қатынайтын жолаушылар пойызы («электричкалар», жұмыс пойыздарын есептемегенде) мен қала арасындағы автобустардың қозғалысы жанданбайды.

Өңірлерде жағдай түзеліп келеді

Үкімет отырысында Алексей Цойдан кейін өңір әкімдері сөз алды. Әкімдердің сөзіне сенсек жағдай едәуір түзеліп қалған. Мәселен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов елордадағы денсаулық сақтау ұйымдарына түскен салмақ едәуір азайғанын мәлім етті. Оның айтуынша карантин енгізілген сәттен бастап КВИ бойынша жағдайдың нақты тұрақтануы байқалады. Алтай Көлгінов денсаулық сақтау ұйымдарына түскен салмақ едәуір азайғанын атап өтті. Атап айтқанда жедел жәрдемге жүгіну саны тәулігіне 4300-ден 1600-ге дейін, яғни 3 есеге төмендеп, КВИ бойынша жедел жәрдемге жүгіну 500-ден 89-ға дейін, яғни 6 есеге азайған. Жалпы шақырулар саны тәулігіне 3 мыңнан 1000-ға дейін, немесе 3 есеге төмендеп, пневмониямен жатқан азаматтар саны 2 есеге азайған, стационарлардың жүктемесі 99%-тен 38%-ке дейін төмендеген.

«Тағы бір стационардан кеше соңғы пациент жазылып шықты. Жақын күндері орталық өз пациенттерін жоспарлы түрде қабылдайды. 3 тамыздан бастап барлық калалық емханалар жоспарлы медициналық көмек көрсетуді бастайды», - деді Алтай Көлгінов.

Ал Алматыда коронавирус пандемиясының екінші толқынына дайындық шеңберінде бірнеше госпиталь ашылғалы жатыр. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, бүгінгі күні ковидпен күреске 27 медицина ұйымы тартылған. Жалпы төсек қоры 6096 орынды құрайды.

«Бүгінгі мәлімет бойынша бұл көрсеткіш 42%-ға төмендеді. Пандемияның екінші толқынына дайындық шеңберінде жағдайы ауыр науқастарға арналған бірінші эшелон стационарларындағы инфекциялық төсек орындарын 1015 орынға көбейтеміз. Сондай-ақ тамыз айының соңына дейін 500 орынға арналған жаңа госпиталь пайдалануға беріледі. Ал қыркүйектің ортасына дейін 300 төсек-орынға арналған тез салынатын тағы бір модульдік инфекциялық госпитальды іске қосамыз. Келесі аптаның басында құрылыс алаңына шығамыз. 1 қазанға дейін екі қонақ үйдің базасында жеке инвестициялар есебінен 215 төсек-орындық толыққанды ковидтік емханалар құрылатын болады. Тамыздың соңына дейін патологоанатомиялық бюро іске қосылады», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов те қалада эпидемиологиялық жағдайдың жақсарғанын мәлім етті. Оның айтуынша, инфекциялық және провизорлық стационарларда дер кезінде қосымша 3 050 төсек орны ұйымдастырылып, орын саны 3 860-қа жеткізілген. Оның ішінде реанимациялық төсек орнының саны 30 орыннан 151 орынға дейін ұлғайтылған. Қосымша 58 тыныс алу аппараты, 250 «Бобров» тыныс алу аппараты және 26 реанимациялық монитор алынған.

«Атқарылған жұмыстар қалада эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына өз әсерін тигізді. Атап айтқанда, жедел жәрдем көмегін шақыртулар саны күніне 2 320-дан 1321 дейін, яғни 43 пайызға азайды. Стационарларда ем алушылардың саны ағымдағы жылғы шілде айының бірінші онкүндігінде 2 882 адамға өскен болса, бүгінгі күнде 1240 адамға дейін, яғни 56,9 пайызға төмендеді. Стационарлардағы төсек орынның жүктемесі осы айдын басында 78,7 пайызды құраса, бүгінгі таңда 33 пайызға дейін кеміді», - деді ол.

Сонымен қатар Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов өңірде жеке қорғаныс құралдарының екі айлық қоры дайын екенін мәлімдеді. Әкімнің айтуынша, емханалар жанында үйінде емделушілерге медициналық көмек көрсететін 160 мобильді әмбебап бригада құрылған. Бюджеттен тыс қаражат есебінен Қостанай қаласының емханалары жанындағы мобильді бригадалардың қызметкерлері 12 такси автомобилімен қамтамасыз етілген.

«Қазіргі уақытта жеке қорғаныш құралдарының қалдығы 64 мың бір реттік костюмді, 4 мың көп реттік костюмді, 80 мың масканы, 200 мың қолғапты құрайды. Бұл 2 айдан астам мерзімге жеке қорғаныс құралдарының қорын қамтамасыз етеді. 2021 жылдың ақпанына дейін облыстық бюджет қаражаты есебінен жеке қорғаныс құралдарын қосымша сатып алу жоспарлануда», - деді ол.

Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов Маңғыстауда облыс әкімі аппаратына қарасты 30 жеңіл автокөлік мобильді бригадалар қызметіне көмек ретінде бөлінгенін жеткізді. Бүгінде аумақта коронавирус ауруының респираторлық белгілері бар науқастарға көмек көрсету үшін 126 мобильді бригада қызмет етіп жатыр. Оған облыс әкімшілігі өз тарапынан аппаратқа қарасты 30 қызметтік көлік бөліп берген.

«Ал «БРК-Лизинг» АҚ арқылы өңірге 52 арнайы жедел-жәрдем авокөлігін алу үшін Республикалық бюджеттен 227 млн теңге қаражат бөлінуде. Сонымен қатар ауылдық емхана, бастапқы медициналық көмек көрсету орталықтарына және дәрігерлік амбулоторияларға 50 медициналық УАЗ автокөліктерін алу үшін облыстық резервтен 300 млн теңге қарастырылды», - деді ол.

Үкімет басшысы: Қазақстанда эпидемиологиялық жағдай тұрақтанды

«Карантиндік шаралардың мерзімі 2 тамызда аяқталады. Жалпы, осы кезеңде эпидемиологиялық жағдай тұрақтанды, медицина ұйымдарының жүктемесі біршама азайды. Жазылып кеткендердің саны 63 пайыздан асты. Вирус жұқтырудың тәуліктік өсімі 4 пайыздан 1,7 пайызға дейін азайды», - деді Премьер-Министр Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Ауруханалардағы төсек-орын жүктемесі 46 пайызға дейін төмендеді. Ай қорытындысы бойынша жедел жәрдемді шақыру көрсеткіші 38 пайызға түскен.

«Барлық өңірлер дәрі-дәрмектің жеткілікті қорымен қамтамасыз етілген. Осыған орай, эпидемиологиялық жағдайды одан әрі жақсартуымыз қажет. Бүгін Денсаулық сақтау министрлігі Карантиндік шараларды біртіндеп алу жоспарын ұсынып отыр. Қазіргі жағдай мен осы айдың қорытындысын ескере отырып, Мемлекеттік комиссияның отырысында бұл Жоспар қарастырылып, тиісті шешім қабылданады», - деді Асқар Мамин.

Осылайша жаздың бір айлық карантині де шегіне жетті. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ендігі кезекте халық үшін маска тағу мен әлеуметтік қашықтықты сақтау – көлікте қауіпсіздік белдігін тағу шартымен бірдей болуы керектігін ескертті. Яғни елдегі эпидемиологиялық ахуалдың одан ары жақсаруы – айналып келгенде әрбіріміздің тәртібімізге байланысты болып отыр.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Аян Бекенұлы

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059

MURAǴAT