Елдегі ең жүйрік тазыны баптаған Өскемен тұрғыны: Тазы асырау табыс көзі емес, бабалар аманаты

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында тұратын Мансұр Қанатбекұлының бала күннен ит баптауға аңсары ауған. Қазір оның тазылары республикалық, халықаралық жарыстарда ең жүйрік атанып жүр. 20 жастағы жігіт осымен тоқтамай, әлі алда талай белестерді бағындыруды көздейді.

Осы ретте, ҚазАқпарат тілшісі онымен жолығып, сұхбат құрып қайтқан еді.

- Ит баптауға деген қызығушылығыңыз қалай оянды ?

- Ағаларымның жолын қудым десем де болады. Олардың тазымен аңға шыққанын көріп, тамсанып өстік. Атамыз мықты аңшы болған. Ең бірінші күшігімді 2015 жылы алдым. Тазының арасында мықтысын сұрыптауды үйрене бастадым. Қашқанды қуып жетуге әбден машықтанған ересек тазыларды күшік кезінде аңға баулимыз. Бірақ бұл оңай шаруа емес. Мұның бірнеше әдісі бар. Соның бірі – ауызданған, тағымен жолы түйісіп үлгерген тазыларға ілестіріп шығу.

Олар күшіктерге бәрін үйретеді. Ізге түсу, қоянды дұрыс алу, қандай жерлермен қуалап, бұрылыстарда бағыттан жаңылмау – түгел дерлік көрсетеді. Түлкілер құбырларда жатады, ал тәжірибелі тазылар іннен бастап, осындай жерлердің барлығын сүзіп шығады. Алғашқы күшігіммен ересектерге еріп, аңға алғаш шыққан кезіміз әлі есімде. Зайсан ауданынан 15-20 шақырым алыстап, түлкі мен қоянның ізімен кеш батқанша тоқтаусыз жүрдік. Ымырт үйіріле үйге бет алып, әбден шаршап-шалдығып жеттік.


- Тазымен аңға шығудың қыр-сырын айтып өтсеңіз.

- Аңшылық маусымы кезінде тазы ертіп шығып, борсық пен елік алып, қанжығаны майлауға болады. Түлкілер қарға бір аунаған соң түлеп, теріленіп, әп-әдемі болып шығады. Алғаш қар жауғаннан кейін аңшылар көбінесе түлкі іздейді. Тазы – әмбебап. Өзі жүректі әрі жүйрік. Інге кіргізбейміз, даладағы аң ғана тазыныкі. Мылтықтан гөрі тазымен аң алғанның әсері бөлек.

Күнделікті аңшылық алдында тазының жылы орында ұйықтауы маңызды. Сонда ғана аңшылық кезінде күні бойы тоңбай, суыққа шыдас береді. Аңшы ит болған соң негізгі қорегі – ет. Қансонар алдында осы жағына басымдық беріп, сорпа да ішкіземіз. Ал жарыс уақыты таяғанда жеңіл тамақпен талғажау еткізген жөн. Қазақтар тазыны жарғақ құлақ және шашақ құлақ деп екіге бөледі. Шығыста шашақ құлақтыны көбірек ұстайды. Себебі, аязға төтеп бере алады. Ал жарғақ құлақты тазы тек жылы жаққа бейім, жүні тақыр. Олар көбінесе Ақтөбе, Орал, Атырау жақта бар, көнеден келе жатқан тұқым. Итке ат қойғанда да ырымдаймыз. Құстай ұшсын деп «Лашын», «Желқанат», «Құйын», түр-сипатына қарап «Шағала», «Көкқасқа» дейміз.

- Енді әңгіме ауанын ит жүгіртуге бұрсақ. Жарыста ең жылдам тазыны қалай анықтайды ?

- Жетінші сынып бітіргенде Зайсаннан Өскеменге көшіп келдім. Бірақ қала аумағында ит жүгірту соңғы жылдары ғана қолға алына бастады. Күз бен қыс айларында аңшылық маусымы болса, көктем мен жазда тазылар жарысы өткізіліп тұрады. Ең жылдам тазыны анықтағанда – мотоцикл немесе көліктің артына шырға ретінде түлкінің терісін байлап тартады. Белгі берілген соң аңқұмар тазылар арындап алға ұмтылады. Тазыларды күшік кезінен қоян мен түлкі терісін нысана қылып тартып, соны тістетіп дайындайды.


Қарағанды өңіріне қарасты Абай ауданында өткен ит жүгірту жарысы Құйын атты ұрғашы тазым үшін сәтсіз аяқталды. Сөйтіп алғашқы жарыста жүлдесіз қайттық. Қарағанды Өскеменнен жарты сағаттық жер емес, барып-келгенше 2000-ға жуық шақырым ғой. Иен далада желдей есіп үйренген жануар үшін ұзақ сағаттап көлікте жату үйреншікті болмаса да сондай төзімділік танытты. Барғанша өзі жатқан жерді былғап, қыңсыламады, оған тек жатар орны ыңғайлы әрі жылы болса жеткілікті.

Биік белестерді бағындырған тазымның аты – Көкқасқа. Ол 2022 жылы өзі қатысқан жарыстардың барлығында топ жарды. Астанада «Асыл қазына» федерациясы ұйымдастырған республикалық чемпионат пен Абай облысы Аягөз қаласында өткен облыстық сайыста бірінші орын алдық. Қараша айында Үржар ауданында болған Әлем чемпионатында да Көкқасқаның алдын орайтын ешкім болмады. Бұл жануарым қажет қасиеттердің барлығын бойына сіңірген. Жүректілігін айтсам, бұл жағы да көп иттерден байқала бермейді. Борсық, шибөрілермен бетпе-бет жолығып қалса, алмай қоймайды. Қандай жарыс болсын, қашанда әзір. Тіпті, дайындап та қажет емес. Бір-екі жарысқа жарақатпен барған, сонда да алдына қара салдырмады. Өткен жылдың соңында Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданында халықаралық деңгейде салбуырын өткен болатын. Көкқасқам ол жерде де үздік шықты. Тазымның кеудесі кең, жүгірісі де өзге тазыларға ұқсамайды. Көбінде кеуделі иттер алысқа жүгіреді. Өкпесі қысылмай, кең тыныстайды. Бұл таласқан кезде де басымдық береді. Жамбасы жалпақ, аяғы талтақ болған сайын тістескенде екпін алады.

- Алдағы жоспарларыңыз қандай ?

- Енді осымен тоқтап қалмай, тазы баптауды дамыта бергім келеді. Тазы асырау табыс көзі емес, бабалар аманаты. Соғыс жылдарында тұтас бір ауылды аштықтан аман алып қалған бітімі бөлек жануардан айырылып алсақ, бізге сын. Ниеттес бірнеше жігіт бірігіп, «Алаш тазылары» деген брендпен федерация аштық. Алда құжаттар жағын реттеп, облыс көлемінде ит жүгіртуден ауқымды жарыс өткізуді көздеп отырмыз.

- Әңгімеңізге көп рахмет!


Соңғы жаңалықтар