Елдегі бидай бағасына әсер ететін үш фактор аталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан астық өндірушілер одағы бидай бағасына әсер ететін факторларды атап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл Қазақстанда бидай бағасын белгілеуге әсер ететін үш фактор бар. Бұл Ресей Федерациясындағы ішкі баға факторы. Екінші – рубль, теңге бағамы. Ал үшінші фактор Ресей Федерациясының импорт көлеміне байланысты. Осы аталған факторлар жалпылай немесе жекелей орын алса, онда біздегі бағаға қысым жасалады», - деді Қазақстан астық өндірушілер одағының төрағасы Нұрлан Оспанов елордада өткен дөңгелек үстел отырысы барысында.

Оның есептеуінше, Ресей нарығында бидай бағасы 12 мың рубль тұрса, ал рубль бағамы, мысалға, 8,5 теңге болғанда, онда Қазақстанда қосылған құн салығын төлей отырып әкелінген бидайдың тоннасы 135 мың теңгеге жетеді.

Сондай-ақ одақ басшысының айтуынша, қосылған құн салығын төлемейтін бидай импорты бар. Ондағы баға мүлдем басқа.

«Алдағы егін жинау маусымында жоғарыда аталған үш факторды ескеру өте маңызды. Біз бақылаудың керектігін үнемі айтамыз. Себебі бағаның төмендеуі фермерлерімізді қаржылық міндеттерін өтеуге қабілетсіз етуі мүмкін», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар