Елдегі баламалы қуат көздері өндірген энергия Қызылорда өңірін толық қамтуға жетеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандағы күн, су және жел энергетикасы саласындағы 72 нысан жылына 1,3 млрд КВт/сағаттық энергияны өндіріп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Энергия министрлігі жаңғырмалы энергия көздері департаментінің басқарма басшысы Абай Құланбай ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында жаңартылатын энергия көздерін дамытудың негізгі үш себебін атады.

«Біріншіден, Париж келісімі бойынша ауаға таралатын парникті газдың мөлшерін төмендету керек. Екіншіден, еліміздегі ірі отын-энергетикалық ресурстарды болашақ ұрпаққа сақтап қалудың маңызы зор. Үшіншіден, жаңартылатын энергия көздерінің еліміздегі әлеуеті өте жоғары. Сарапшылардың болжамына сүйенсек, жел энергетикасының әлеуеті - жылына 920 КВт/сағатты құрайды, су энергетикасының әлеуеті - 620 КВт/сағат болса, күн энергиясының әлеуеті еліміздің оңтүстік өңірлерінде 2500-3000 КВт/сағатты құрайды», - дейді басқарма басшысы.

Абай Құланбайұлының айтуына қарағанда, еліміздегі жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін энергияның мөлшері соңғы 10 жылда 8 есе өскен. 2009 жылы 140 КВт/сағаттық 8 су электр стансасы болған, ал 2019 жылы жалпы мөлшері 680 МГВт қуаты бар ірі нысандар жұмыс істеп тұр. Соңғы 10 жылда сонымен бірге су электр стансаларының әлеуетін күн электр стансалары басып озған.

«Қазіргі таңда күн, су және жел энергетикасы саласындағы 72 нысан жылына 1,3 млрд КВт/сағаттық энергияны өндіріп отыр. Барлықтарыңызға түсінікті болуы үшін айта кетейін: 1,3 млрд КВт/сағат дегеніміз - жалпы Қызылорда облысының бір жыл тұтынатын электр энергиясына немесе еліміздегі ең өнеркәсіпті өңір Қарағандының бір ай тұтынатын энергиясына тең», - дейді ол.

Еске сала кетсек, бүгінгі баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі осы жылы 250 МВт энергияны аукционға қоятыны жарияланған болатын.

Соңғы жаңалықтар