Елдегі 70 ЖОО мерзімді әскердегілерге тегін жоғары білім беруге дайын – Қорғаныс министрлігі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Әскери командирдің оң қорытындысын алған мерзімді әскердегі жауынгерлерге тегін жоғары әскери білім ұсынылуы мүмкін. Қорғаныс министрлігінің бұл бастамасын елдегі 70 жоғары оқу орны қолдап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Бас штаб бастығы - ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлері бас қолбасшысының бірінші орынбасары Қаныш Әбубәкіров орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде мәлім етті.

«Бұл бастаманы Қорғаныс министрлігі былтыр қолға алған. Бір жылда елдегі жетекші жоғары оқу орындары мен министрлік арасында меморандумдар жасалды. Сол меморандум аясында бірнеше шараны іске асырамыз. Бірінші кезекте Отан алдындағы борышын екі жыл өтеген жастар Қазақстанның жоғары оқу орындарына ҰБТ тапсырмай-ақ ақылы оқуға түсе алады», - деді ол.

Қаныш Әбубәкіровтің сөзінше, әскер қатарында жақсы жағынан көрінген жастарға тегін әскери білім алу мүмкіндігі де берілмек.

«Екіншіден мерзімді әскери қызметте жүріп жақсы жауынгерлік дайындық көрсеткен, жыл бойында тәртібі үздік болған сарбаздар ақысыз негізде жоғары әскери білім алуға мүмкіндік алады.

Шамамен 3 мың адамға осындай мүмкіндік ұсынуды жоспарлап отырмыз. Қазір бұл бастамамызды 70-тен астам жоғары оқу орны қолдады», - деді Бас штаб бастығы.


Соңғы жаңалықтар