Елдегі 65 мектептің асханасы мен дәретханасында кемшілік бары хабарланды - БҒМ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Балаға лайық» мектеп дәретханалары мен асханаларын қадағалау акциясының бірінші аптасында қазақстандықтар 65 нысандағы сәйкессіздіктер туралы хабарланды. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Бірінші аптада WhatsApp және Telegram арналарымызға 65 нысан бойынша 400-ден астам хабарлама, фото және бейнематериалдар келіп түсті. Өтініштердің басым бөлігі Түркістан, Алматы және Қарағанды облыстарының тұрғындарынан. Оқушылар мен ата-аналар сәйкессіздіктер туралы ақпаратты белсенді түрде жіберіп жатыр. Колледждер мен университеттердің студенттері хабарлама жолдаған. Біз түскен өтініштің барлығын есепке аламыз. Тұрғындар гигиеналық құралдардың, жуынатын бөлмелерде қалқалардың болмауы, жылы дәретханалардың жоқтығы, салқын немесе дәмсіз тағамдар және басқалары туралы хабарлап жатыр. Сонымен қатар, олар үлгілі, талапқа сай келетін нысандар туралы ақпарат жіберіп жатқаны қуантады. Айта кетейік, акция мектеп әкімшілігін жазалау мақсатында емес, жағдайды бірлесіп жақсарту мақсатында өткізіледі. Мектептерді қаржыландыру әкімдіктердің құзырында болғандықтан, ақпараттарды соларға жібереміз. Бүгінгі күні барлық ескертуді жою бойынша аймақтармен қажетті жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деді ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Элина Паули.

Еске сала кетейік, акция «Мектептің жақсаруына көмектес!» ұранымен өтіп жатыр. Бірінші кезең 27 сәуірде басталған, 25 мамырға дейін жалғасады. Акцияға мектеп оқушылары, еріктілер, балалар өкілдігі, мұғалімдер, ата-аналар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және басқалар қатыса алады.



Соңғы жаңалықтар