Елдегі 35 мыңдай көппәтерлі үй өзін-өзі басқарудың жаңа форматын таңдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандағы 35 мыңға жуық көппәтерлі үй мүлік иелерінің бірлестігіне (МИБ) және жай серіктестіктерге (ЖС) көшкен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрілігінің баспасөз қызметі ұсынған мәлімет бойынша, өзін-өзі басқарудың жаңа тәсіліне көшкен көппәтерлі үйлердің нақты саны – 34 933.

Оның ішінде 2 852 көппәтерлі үй тұрғындары – МИБ-ті, 32 081 үйдің тұрғындары – жай серіктестіктерді таңдаған. Бұл, барша үйлердің 75%-ы деген сөз.

Мүлік иелерінің бірлестігі мен жай серіктестіктерге көшіп жатқандардың көбі Алматы қаласында (3523), Қостанай (2451), Шығыс Қазақстан (2789) және Ақмола (2523) облыстарында тұрады.

Ал Қызылорда (909), Маңғыстау (1092) және Солтүстік Қазақстан (1084) облыстарында бұл үдеріс әлі де баяу жүріп жатыр.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегі бойынша, көппәтерлі үйлерді басқарудың «Пәтер иелерінің кооперативі» (КСК) сияқты ескі тәсілдері 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап өткеннің еншісінде қалады.

Яғни, ескі форматтағы құрылымдар қолындағы техникалық, қаржылық және өзге де құжаттарды пәтер иелерінің кеңесіне беріп, ҚР заңнамасында айқындалған тәртіппен таратылуы керек.

«Мүлік иелерінің бірлестігіне көшу рәсімін жеделдету үшін E-Gov порталында тіркеу және электрондық дауыс беру сервисі әзірленді. Электроды цифрлық қолтаңба арқылы жүйеге еніп, автоматты түрде тіркеуден өтуге, «меншік иесі» мәртебесін растауға және үйді басқару формасын таңдау бойынша дауысқа салу бастамасын көтеруге болады. Жиналыстың күн тәртібін жасағаннан кейін меншік иелері жиналысқа белсенді сілтеме бойынша кіріп, өз таңдауын жасап, ЭЦҚ арқылы қол қоюы қажет. Үйді басқарудың жаңа формалары туралы толығырақ www.zhkh.kz сайтынан, Telegram Bot мессенджерінен біліп, Suraqtar.kz. сайты арқылы мазалаған сауалдарға жауап алуға болады», - деп жазады министрліктің баспасөз қызметі.


Соңғы жаңалықтар