Елдегі 3 оқу орны зерттеу университетіне айналады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Үкімет отырысында жоғары білім берсу саласында зерттеу экожүйесін қалыптастыру үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сапаны көтерудің тағы бір тетігі – бәсекелестікті арттыру. Отандық университеттердің шетелдік үздік университеттермен тәжірибе алмасу және бәсекеге қабілетті болуы үшін біз Қазақстанда шетелдің алдыңғы қатарлы университеттерінің филиалдарын ашу бойынша жұмысты бастап кеттік. Биыл De Montfort Leicester университетінің филиалы ашылды. University of Arizona және Arizona State University филиалдарын ашу жұмыстары жүргізілуде», - деді ведомство басшысы.

Оның айтуынша, бұл бағытта тағы кем дегенде 5 филиал ашу жоспарланған.

«Жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін өңірлердегі 20 жоғары оқу орнының базасында академиялық артықшылық орталықтары құрылады. Жоба шеңберінде бұл университеттердің материалдық-техникалық базасы, ғылыми зертханалары нығайтылады және білім бағдарламалары жаңартылады. Зерттеу экожүйесін қалыптастыру үшін үш жоғары оқу орнын зерттеу университеттеріне айналдыру жоспары бар», - деді Асхат Аймағамбетов.

Сонымен қатар, ол Назарбаев Университетінің тәжірибесі негізінде 2 озық оқу орнын құру жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын атады.

«Болашақта жоғары оқу орындарының арасындағы бәсекені ынталандыру үшін университеттер төрт лига бойынша бөлінеді. Сәйкесінше, жоғары оқу орындарына академиялық, басқару еркіндігінің деңгейлері өзі кіретін лиганың деңгейіне сай беріледі. Сондай-ақ ең мықты университеттер мемлекеттік бақылаудан босатылып, керісінше 3 лигаға және 4 лигаға енбеген университеттер мемлекеттің бақылауында, тексеріс үстінде болады», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар