Елде еңбекке қабілетті жастағы 4,5 млн астам әйел бар

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елде еңбекке қабілетті жастағы 4,5 млн астам әйел бар. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрдің айтуынша, елде еңбекке қабілетті жастағы әйелдер саны – 4,5 млн астам, оның 75%-ы экономиканың түрлі салаларында еңбек етеді.

«Әйелдер арасындағы жұмыссыздықтың жоғары үлесін, еңбекке қабілетті жастағы әйелдердің жоғары үлесін және 2000 жылдары туғандар есебінен олардың санын көбейту ықтималдығын ескере отырып, әйелдерді жұмысқа орналастыру мәселесі ерекше назар аударуды қажет етеді. Осыған байланысты өңірлік жұмыспен қамту карталары шеңберінде 947 мыңнан астам адамды, оның ішінде әйелдерді жұмысқа орналастырумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда 267 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылды, оның 60,5%-ы немесе 161,4 мыңы – әйел», - деді Тамара Дүйсенова.

Жұмыссыз әйелдердің санаттарын айқындауда Отбасының цифрлық картасы бағдар болады. ОЦК деректері бойынша жұмысқа орналастырылған әйелдердің 49%-ы (79,1 мың) – жастар. Сондай-ақ, көп балалы (18,5 мың), мүгедектігі бар (3,7 мың) адамдар және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған (3,1 мың) әйелдер жұмысқа орналастырылған.

Сондай-ақ, талдау көрсеткендей, жұмыспен қамтылған әйелдердің 51,3%-ы белсенді жұмыс іздеуде болған, жұмыс істейтін әйелдердің 98%-дан астамы кәсіпкерлік қызметті бастаған.

Жұмысқа орналасу фактілері міндетті зейнетақы жарналарымен расталады. Мәселен, жұмысқа орналастырылған әйелдердің 84%-дан астамы бойынша осылай расталған.

«Қолданыстағы жұмыспен қамту тетіктерінің арқасында 114 мың отбасында еңбек табысы пайда болды, ал 47 мың отбасында жұмыс істейтін отбасы мүшелерінің санының артуына байланысты табысы өсті», - деп атап өтті Тамара Дүйсенова.


Соңғы жаңалықтар