Елде бірлік бар кезде ғана экономика дамиды - Сапарбаев

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдегі үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесті. Босқосуда жастар тәрбиесі, қылмыстың алдын алу, жат ағыммен күрес жұмыстары талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Билік бүгін үкіметтік емес ұйымдардың көмегіне мұқтаж. Әсіресе, бала тәрбиесі, жастармен жұмыс тұсы ақсап тұр. «Қоғам мен басқару құрылымдарының арасында әріптестік болса, онда халықтың тұрмысы, жағдайы жақсы болады. Экономиканы дамытуға болады. Бірақ рухани, мәдени байлық болмаса, халықтың арасында бірлік болмайды, даму кезінде де сұрақтар туындайды. Шынын айту керек, артымызға, алдымызға қарауымыз керек. Ол үшін әр азамат «Не істедім?» деп өз-өзіне сұрақ қойғаны жөн. «Балаларымды, немерелерімді, қасымдағы жерлестерімді қалай тәрбиелеп жатырмын?» деп ойлану керек. Сол кезде көп нәрсені қалпына келтіруге болады. Ешнәрсеге бейжай қарауға болмайды. Елбасы Жолдауында адам капиталына тоқталды. Егер мәдениеттен, өнерден, әдебиеттен 10 жыл қалып қойсақ, оны қалпына келтіру үшін 20 жыл керек. Ал экономикадан 10 жылға қалсақ, 2-3 жылда қайтып қалпына келтіруге мүмкіндік бар»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Айта кетейік, соңғы жылдары Ақтөбеде жасөспірімдер қылмысы өршіп барады. Өз-өзіне қол жұмсайтындардың қатары артып, жат ағым жетегіне еріп, адасқандар да бар.  «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қиындықтарды қажырлы қайратпен, төзімділікпен, еңбекпен жеңе білген халық нарыққа бейімделіп, жаңа арнаға түсті. Осы жылдары ел экономикасы, өндіріс қарқынды дамығанымен қоғамдағы адамгершілік, рухани даму, мәдени жаңғыру бұл қарқынға ілесе алмай келе жатыр. Соңғы жылдары қоғамда руханы жұтаңдық сезіліп, немқұрайлылық, масылдық, жалқаулық секілді жағымсыз әдеттер көбейді. Себебі неде? Қоғамның әр мүшесін осы сұрақ ойландыруы тиіс. Мәселен, Ақтөбеде суицид көбейді. 2015 жылы 4, 2016 жылы 12 жағдай тіркелді. Ал биыл 4 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсауға оқталған. Екіншіден, жасөспірімдер арасында қылмыс көбейді. Биыл 34 қылмыс тіркелді. Әсіресе, ауыр қылмыс жасағандардың қатары артып барады. Үшіншіден, діни ахуал. Екпеден бас тартушылар саны артып барады. Төртіншіден, ғаламтор мен әлеуметтік желі арқыры өз-өзіне қол жұмсауға, жат ағымды насихаттау дерегі көбейді. Зорлық-зомбылық бейнематериалдары артты. Мұның бәрі білім мен мәдениетіміздің төмендігін көрсетеді. Білімді адам біреудің айтқанымен емес, өз ақылымен жүреді»,- деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ербол Нұрғалиев.

Кездесу кезінде қоғамдағы мәселелерді шешудің бірнеше жолы ұсынылды. Әсіресе, ардагерлердің рөлін арттырып, тәрбиені балабақша, мектептен бастау ұсынылды. «Билік білім беру, тәрбие сапасын арттыруға бағытталған кешенді жұмыстарды жүргізіп жатыр. Барлық проблеманы мектеп пен мұғалім артып қою жөн емес. Қоғамның қолдауы қажет. Ата-ана, қоғамдық ұйымдармен бірлескен жұмысты күшейту керек. Үкіметтік емес ұйымдар оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу үшін түрлі шаралар, тәрбиелік кештер өткізсе дейміз»,- деді Е.Нұрғалиев. 

Соңғы жаңалықтар