Елде 2,6 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылады – вице-министр

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2,6 млн гектар ауыл шаруашылығы жерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауыл шаруашылығында табысты жұмыс істеу үшін әр гектар жерді ұтымды пайдалану қажет. 2019-2021 жылдар аралығында әкімдіктер жүргізген жұмыстардың аясында 8,1 млн гектар пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жері анықталды. Олар бойынша мынадай іс-шаралар қабылданды: 3,4 млн гектарды меншік иелері игере бастады; 2,1 млн гектар жер мемлекеттік меншікке алынды; 2,6 млн гектар жерді мемлекеттік меншікке қайтару бойынша жұмыстар жүргізілуде», - деді Әбілхайыр Тамабек Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді ұтымды пайдалану және ауылдағы халықты ауыл шаруашылығы жерімен қамтамасыз ету проблемасы барлық өңірде өткір мәселе болып тұр.

«2022 жылғы 3 қаңтарда пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін мәжбүрлеп алып қою мерзімін 2 жылдан 1 жылға дейін қысқарту және мемлекеттік бақылаудың жаңа тетігін енгізу жөніндегі норма қабылданды. Пайдаланылмай жатқан жердің 90 пайызға жуығы шағын кәсіпкерлік субъектілеріне тиесілі екендігін атап өту керек. Бұл ретте, ерекше жағдайларды қоспағанда, микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты тексерулерді жүргізуге мораторий енгізу туралы Президент Жарлығын бұзып, тексерулер жүргізу мүмкін емес», - деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін жер заңнамасын бұзғандарға 219 млн теңге айыппұл салынғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар