Елбасының Жолдауын жүзеге асыруға қатысты 2010 жылғы бюджет шығыстары 593 млрд. теңгеге ұлғайып отыр - Б. Сұлтанов

None
None
АСТАНА. Қазанның 21-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  - Елбасының Жолдауын жүзеге асыруға қатысты 2010 жылғы бюджет шығыстары 593 млрд. теңгеге ұлғайып отыр.

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасына байланысты баяндама жасаған ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ағымдағы жылмен салыстырғанда 2010 жылдың бюджет шығыстары 593 млрд. теңгеге артып отыр. Бұл қаражаттың басым бөлігі негізінен Елбасы Жолдауында жүктелген міндеттерді жүзеге асыруға жұмсалады. Атап айтқанда, ел азаматтарының өмір сүру деңгейін арттыруға, жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеуге, шағын және орта бизнесті қолдауға, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған шаралар келер жылы да жалғасын табады», деді министр. Оның айтуынша, заң жобасында әлеуметтік саланы қолдауға және дамытуға арналған шығыстарды арттыра түсу көзделіп отыр. Бұл бағыттағы қаражаттар алдағы үшжылдық кезеңде республикалық бюджет шығыстарының шамамен 40 пайыздан астамын құрайтын болады.

Бұл ретте әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік көмек саласында зейнетақының орташа мөлшері 2010 жылы 25 пайызға, 2011 жылы 30 пайызға, 2012 жылы 10 пайызға ұлғайту көзделген. Құжатқа сәйкес, 2010-2011 жылдарға бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын көтеру шілденің 1-інен бастап жүзеге асырылады. Сонымен бірге, Елбасы жолдауына сәйкес мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар, арнайы мемлекеттік жәрдемақылар мөлшері және ең төменгі әлеуметтік төлемдер орта есеппен 9 пайызға ұлғаятын болады.

Соңғы жаңалықтар