Елбасының жолдауы - отандық ғылымға көрсетілген үлкен қолдау

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауында білім беру, ғылым саласына қатысты айтқан қадау-қадау ойлары отандық ғалымдарымыздың заманауи, тың идеяларын жүзеге асыруға жаңа серпін берері сөзсіз. Осындай ойымен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ химия және химиялық технология факультетінің доценті Перизат Үркімбаева бөлісті.

«Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың халыққа арнаған биылғы жолдауында білім беру, ғылым мәселелеріне қатысты айтылған жайларды ерекше ықыласпен тыңдадық. Президент Қазақстандағы адам капиталын сапалық жағынан өсіру үшін білім беру мәселесіне назар аудару керектігін баса айтты. Мәселен, жас отбасыларды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мәселесі. Қазіргі таңда білімді, талантты, ғылымға икемі бар жастар шоғыры өсіп келе жатыр. Жасыратыны жоқ, бұрынғы кездері ондай түлектеріміздің көпшілігі жалақысы жоғары жекеменшік немесе шетелдік компанияларға кетіп қалатын. Соңғы жылдары ЖОО оқытушыларының ғылыммен айналысатындардың жалақысының көтерілуі, шетелдегі жоғары оқу орындарынан тағылымдамадан өту мүмкіндігі, тағы сол сияқты көптеген игі шаралар талантты жастарымыздың білім беру мен ғылым саласына бет бұруына себеп болуда. Ал енді қолжетімді баспанамен қамтамсыз ету арқылы жас мамандарымыздың ең басты мәселесін шешсек, бұл жағдай отандық білім беру мен ғылым саласының дамуына кеңінен жол ашады», - деді Перизат Үркімбаева.

Президенттің ел экономикасы үшін жаңа кадрлар даярлайтын жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын қалыптастыру үшін 2017 жылға дейін 10 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінетінін жариялауы ғылым саласына көрсетілген үлкен жанашырлық, үлкен қолдау деп түсінемін, - дейді білікті маман.

«Осы тұрғыдан келсек, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың химия және химиялық технология факультетінде инновациялық жаңалықтар төңірегінде жұмыс істеу жолға қойылған. Қазіргі күні әлем ғалымдары ерекше назар аударып отырған трансгуманизм, яғни адам мен оның ақыл ойын жасанды дене мен миға ауыстыруды жүзеге асыру идеясына қатысты ғылыми зерттеулер жүргізілуде. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары да маңыздылығы жағынан бұдан кем емес ғылыми жобалармен айналысуда. Университеттің химия және химиялық технология факультеті «Органикалық заттардың, табиғи қосылыстар мен полимерлер химиясы мен технологиясы» кафедрасының ғалымдары жүзеге асырып жатқан ауқымды жобалардың бірі - гидрофильді, яғни суда еритін полимерлер негізінде жұмыс істейтін, жылдам эволюцияланатын нейрондық желілерді жасауға бағытталған. Мұндай желілер адам зердесінің пайда болуына алып келген үдерістерді модельдеуге қабілетті. Ал оларды жасау қазіргі күні өте көкейтесті мәселенің бірі болып отыр», - деді ол.

Маманның айтуынша, мұның барлығы гидрофильді полимерлер мен олардың негізіндегі кешендер саласындағы қазақстандық физика-химиялық мектептердің жинақтаған тәжірибелік жұмыстарының арқасында мүмкін болып отыр.

«Дәл осы саладағы әлемдік рейтингте қазақстандық ғылыми топтар алдыңғы орындарда тұр. Тіпті әлемдегі экономикасы мықты дамыған елдердегі жетекші ғылыми топтардан кем түспейді. Аса беделді және әлем мойындаған «Thomson Reuters» ақпараттық компаниясының деректері бойынша, ҚР ҰҒА академигі Е.М. Шайқұтдінов құрған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың полимерлер мектебінің үш бірдей өкілі соңғы бес жылда интерполимерлік комплекстер саласындағы әлемдегі барлық ғалымдар мен мамандар арасында алғашқы үш орында тұр. Бүкіл посткеңестік кеңістікте бірде-бір ғылыми мектеп осы күнге дейін мұндай нәтижеге қол жеткізбегені анық. Әлемнің экономикасы мықты дамыған елдерінде де мұндай ғылыми мектептер санаулы ғана. Әрине, осының барлығы ғылымның заманауи бағыттарын дамытуға мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлықтың арқасында мүмкін болып отыр.

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауында білім беру, ғылым саласына қатысты айтқан қадау-қадау ойлары отандық ғалымдарымыздың заманауи, тың идеяларын жүзеге асыруға жаңа серпін берері сөзсіз»,- деп қорытындылады пікірін П.Үркімбаева.

Соңғы жаңалықтар