Елбасының зейнетақыны жаңғырту бойынша жүктеген тапсырмалары жұртшылықтың көңілінен шығады - Г. Исімбаева

None
None
АСТАНА. 11 маусым. ҚазАқпарат - Елбасының зейнетақыны жаңғыртуға қатысты жүктеген тапсырмалары да жұртшылықтың көңілінен шығады. Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың зейнетақыны жаңғыртуға қатысты жасаған үндеуіне орай ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлмира Исімбаева осындай пікір білдірді.

«Елбасының зейнетақы жүйесін жаңғыртуды 2018 жылдан енгізу жөніндегі шешімі аса салиқалы, жан-жақты қамтылған дүние болды. Бұны бүкіл қазақстандықтар, оның ішінде әйелдер қауымы күткені де рас. Президенттің тапсырмасы бойынша зейнетақы жүйесін жаңғыртуды 5 жылға шегеру осы жұмыстарға әзірлік үшін толық мүмкіндікті қамтиды деп ойлаймын», - деді депутат Г. Исімбаева.

Оның айтуынша, Елбасының зейнетақыны жаңғыртуға қатысты жүктеген тапсырмалары да жұртшылықтың көңілінен шығады. Мәселен, бала күтіміне қатысты зейнетақы салымдарының мемлекет тарапынан субсидиялануы да, зейнетақы төлемдерін 5 пайызға арттыру шаралары да маңызды. Төлемдерді арттыру түптеп келгенде жинақтаушы қордағы қаражаттың көбеюіне ықпал етеді. «Ең бастысы 5 жылдық мерзімде жұмыспен қамту, өңірлерді дамыту бағдарламаларының барлығы үйлестіріліп, халықты, әйелдер қауымын жұмыспен қамтуды жан-жақты дамытуға тиіспіз. Әлбетте, басты мәселе - жұмыс. Жұмыс болса жалақы да болады, жалақыдан зейнет салымы алынады. Ал зейнет жинағы неғұрлым көбейген сайын, зейнетақы мөлшері де соғұрлым артатыны ақиқат», - деді Г. Исімбаева.

Соңғы жаңалықтар